Жылқы алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілді. «EQUUS: жылқының тарихы» деп аталатын деректі фильмді түсірген еуропалық ғалымдар осыны дәлелдеп отыр. Қазақстан мен Канада бірлесіп қолға алған бұл жоба, көп кешікпей әлемнің 50-ге тарта телеарнасынан көрсетіледі.
Бұған бөлек, фильмнің қазақстандық продюсері Нұрбол Баймұқанов арнайы автошеруге шығып, туындыны Еуропаның барлық ірі шаһарларында таныстырғалы отыр. Қасиетті Түркістаннан басталған бұл сапардағы алғашқы аялдама Мәскеу қаласы болды.
Жылқы. Бір кездері жабайы жүрген бұл жануарды адам баласы тақымдаған соң, адамзаттың дамуы түбегейлі өзгерді. Ат жалын тартып мінгелі ата-бабамыз жүздеген, мыңдаған шақырым жерлерді бағындырды. Соның арқасында тұрмысы, мәдениті, тілі мен діні, бүкіл өмірі мүлдем өзге қалыпқа түсті.
Осынау Ұлы тарихқа Қазақ даласының тікелей қатысы бар. Себебі, жылқы Жер бетінде алғаш болып, қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілді. Бұл фактіні, еліміздегі Ботай мәдениетін зерттеген АҚШ пен Францияның белгілі ғалымдары ғылыми түрде дәлелдеді.
Нұрбол Баймұқанов, фильмнің продюсері:
ДНК арқылы дәлелденіп жатыр, алғашқы жылқы және алғашқы салт аттылардың осы біздің жерімізден шыққаны және бүкіл мәдениет, тіл, діннің Еуразия аумағындағы ықпалын көрсетеді.
Канада мен Қазақстан бірлесіп қолға алған жоба, 3 жыл бойы, Қазақстан, Моңғолия және Еуропа елдерін қосқанда, барлығы 11 мемлекеттің аумағында түсірілді. Фильм мәскеулік көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Андрей Стригуненко, Мәскеу қаласының тұрғыны:
Аталмыш фильм жылқының алғаш рет Қазақ даласында қолға үйретілгенін дәлелдейді. Ғалымдар оны нақты зерттеулермен, ғылыми фактілермен көрсетіп берді. Бұл мен үшін таңқаларлық жаңалық болды.
Данил, Мәскеу қаласының тұрғыны:
Жылқының алғаш рет Қазақстанда қолға үйретілгенін білмейтінмін. Енді бұл фильмнен көргенімді достарыма айтып беремін.
Деректі фильм Наурыз мерекесі кезінде, алғаш рет Ұлттық арна арқылы көрерменге жол тартты. Енді оны Канада, АҚШ, Германия, Франция сынды әлемнің 50-ге тарта елінің жетекші телеарналары көрсетеді. Ал фильмнің Қазақстандық продюсері Нұрбол Баймұқанов, Мәскеуден соң, автокөлікпен Еуропаның өзге 30 қаласын аралап, фильмді барша жұртқа таныстырғалы отыр.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ