Қазақ-қырғыз шекарасында болған көлік кептелісіне қырғыз кеденшілерінің салғырттығы себеп. Екі ел шекарасында ешқандай эпидемия жоқ, карантин жарияланбады. Бұл жайында Жамбыл облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Құлмаханбет Исақов мәлімдеді. Оның айтуынша, қырғыздың 200-дей ауыр жүк көлігі «Қарасу» кеден бекетінде қаңтарылып тұр. Оның тең жартысына халық тұтынатын Қытай тауарлары тиелген. Алайда, тексере келе құжатта көрсетілген жүк басқа тауар болып шыққан. Сондықтан, олар көлік кептелісін қолдан жасап, транзиттік көлік өткеліне кедергі келтіруде. Тіпті, құжаттары сәйкес келмей, тексеру алаңына кірмей тұрған тасымалдаушылар да бар.
Құлмаханбет Исақов, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:
- Көріп жатқан кемшіліктер, әрине, қырғыз кеденшілерінің дер кезінде дұрыс қарамағандығының кесірінен деп айтуға болады. Кептелістің тағы бір себебі - Қытайдан зат тасушы көлік жүргізушілерінің осы тексеріске кіргілері келмегендігі. Өткен тәулікте 88 көлік кірді, оның 6-уы кері қайтарылды. 82-сінде бәрі дұрыс болғандықтан кедергісіз өтіп жатыр.