Сарыағаш ауданындағы «Палинур» серіктестігі қазір Ресейден қондырғы алып, өнім сапасын арттыруды жоспарлап отыр.
Төңкеріс ауылындағы кірпіш зауытының пайдалануға берілгеніне биыл 14 жыл болды. Содан бері серіктестік тоқтаусыз жұмыс істеп келеді.
Негізінен күйдірілген кірпіш шығаратын өндіріс орны қазір осы аймақтың халқын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Қалаубай Баянов, жұмысшы:
Тәулігіне 60 мыңдай қыш шығарып, осы аумақты қышпен қамтып отырмыз. Зауытта 120-ға жуық жұмысшы қызмет етеді. Әр 10 күнде 35-40 мыңнан жалақы алады. Жатын орынмен, тамақпен қамтылған.
Қазір зауыт Сарыағаш ауданымен қатар, облыстың өзге де елді мекендерінен тапсырыстар қабылдайды.
«Алайда, күннен-күнге сұраныстың артуы өндірістің жаңа түріне көшуге серпін берді»,- дейді серіктестік басшылығы.
Бұл ретте кәсіпорын Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейден заманауи қондырғылар алып, өнім көлемін көбейтуді жоспарлап отыр.
Есалы Ақшалов, кәсіпкер:
Шығаратын өніміміздің бағасын төмендетіп, халыққа тиімді бағамен сатуымыз керек. Қазір әр кірпіштің бағасы 30-40 теңге болса, біз заманауи қондырғы алсақ, 16-17 теңгеге түсірсек, деген мақсатымыз бар.
Ауылдағы жастарға жұмыс беру мақсатында серіктестік басшылығы зауытқа қосымша тігін фабрикасын да ашып жатыр.
Ол үшін арнайы ғимарат салып, тігін машиналарын алып қойыпты. Өндіріс іске қосылса, 100-ге тарта қыз-келіншек жіп шығарып, киім тігетін болады.
Айнұр АҚБАЕВА