Көкшетаудағы Қылшақты өзені арнасынан тасыды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетаудағы Қылшақты өзені арнасынан тасыды

02.04.2019

Өткен түні Көкшетаудың ортасымен ағатын Қылшақты өзені арнасынан асты. Алты үйді су басты. 20 шақты баспананың ауласына кірді. Тасқын судың қоршауында қалған өндірістік нысандар да бар. Бүгін Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен коммуналдық мекемелердің жұмысшылары апаттың салдарын жою жұмыстарын жүргізді.

Қылшақты түнгі сағат 01:00 шамасында арнасынан асты. Асау ағыс Байкен Әшімов көшесінің бойындағы көпір маңын жырып кеткен. Су тасыған кезде тұрғындардың көбі үйлерінде болған. Баспанасын су алған 16 адам қауіпсіз жерге жеткізілді.

Сәкен Тоқанов, қала тұрғыны:

- Осы ауданда 35 жыл тұрамын. Бұрын мұндай болмаған.

Өзен Қопа көліне құяды. Оған бір тәулікте 2 миллион текше метр су жиналған. Қопаға әлі 3 миллион текше метр сияды. Қылшақтының арнасына симай, тасуының басты себебі - Кенесары бөгетінің бұзылуы. Үлкен көлемдегі әрі қатты қарқынмен келген су ырық бермеген. Оның үстіне бірнеше күн бұрын жауған қар да жағдайды қиындатты.

Алексей Советов, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Ивановка су қоймасы Көкшетау қаласын құтқарып қалды деуге болады. Кенесары қоймасынан келген судың басым бөлігін осы жерде тоқтаттық. Бөгетті нығыздап, қабырғасын жоғарылату жұмыстары атқарылды. Қазіргі уақытта Қылшақты өзені арнасына түсті. Жағдай бақылауда.

Тасқынның салдарын жою үшін 100 шақты адам, 40-қа жуық техника жұмылдырылды. 1,5 мың текше метр су өзенге қайта құйылды. Жертөлелерден суды сору жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, Қылшақты әлі қалпына түсе қойған жоқ. Сондықтан тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Ал, су басқан баспаналардың шығыны есептеледі, өтемақы төленеді.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу