Қазақстан халқы Ассамблеясы әлеуметтік қамқорлық бағытындағы жұмысына екпін бермек. Бүгін елордада ұлттар мен ұлыстың ұйытқысы болып отырған бірегей институттың кеңейтілген кеңесі өтті. Жиында қариялар мен көпбалалы отбасыларға жан-жақты көмек қолын созу үшін ассамблея тарапынан атқарылатын жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ, енді бұл ұйым сараптамалық, ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстарға басымдық беруді көздеп отыр. 29 сәуірде «Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту» атты ассамблеяның XXVII сессиясы өтеді. Ауқымды іс-шарада бірқатар маңызды бастама көтеріледі деп болжануда. Келелі жиынға дайындық барысы қызу талқыланып жатыр.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ