Әр балаға 21 мың теңге: Жәрдемақы рәсімдеуге құжат қабылдау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әр балаға 21 мың теңге: Жәрдемақы рәсімдеуге құжат қабылдау басталды

01.04.2019

Әр балаға 21 мың теңге немесе атаулы әлеуметтік көмек. Бүгін Қазақстан бойынша тиісті заң күшіне еніп, жәрдемақы рәсімдеуге құжат қабылдау басталды. Әкімдіктер мен Халыққа қызмет көрсету және Жұмыспен қамту орталықтары бүгін күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2500-дей отбасыдан өтініш қабылданбақ. Елордадағы құжат қабылдау жұмысын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрі Бердікбек Сапарбаев барып көрді.

 

Дулат Абибуллаев, тілші:

Атаулы әлеуметтік көмекті алуға құжат қабылдау 30 күн бойы жалғасады деген министрліктің ақпаратына қарамастан, бүгін көпбалалы аналар Жұмыспен қамту орталығы мен әкімдікке құжаттарын алып келді. Тек түске дейін 450 талон таратылып, 128 отбасыдан құжат қабылданған. 

Елордада құжат қабылдау төрт аудандық әкімдік пен қалалық Жұмыспен қамту орталығында  жүруде. Көпбалалы аналардан тек жеке куәлік қана қажет делінген. Алайда, кейбір келіншектерден  қосымша құжат сұратуда. Себебі, олардың отағасы үкімет базасында жоқ. Яғни, ресми жұмыс істемейді, зейнетақы аударымдары жоқ, тағы басқа. Кедейшлік шегі Нұр -Сұлтан, Алматы, Маңғыстау өңірінде  21 572 теңге болып бекіді. Қалған өңірде бұдан 1 мың теңгедей төмен.

Абай Баймолдин, Нұр-Сұлтан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

Кешке дейін отырған азаматтардың барлығын қабылдаймыз.

Қабылданған құжаттар күнделікті учаскелік комиссияларға жолданады. Мысалы, елордада төрт ауданда төрт комиссия жұмыс істейді. Комиссия құжатты алғаннан кейін 3 күн ішінде отбасылардың үйін аралап, тұрмысын  көзбен көреді.

Нұргүл Жамбауова, Нұр-Сұлтан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

Олар тіркелген мекенжайына емес, өтініште көрсеткен тұрғылықты жеріне барады. Комиссия мүшелері  тұрмыс сапасын сараптап, қорытынды құжат береді. Сол құжаттың негізінде бұйрық әзірленіп, жәрдемақы төленеді.  Яғни, соңғы сөз комиссия құзырында.

Комиссиялар қалалық жерде тұрмыс сапасына мән берсе, ауылдық жерде мал-жан, жеке шаруашылықа қарайды. Дегенмен, қазір оның нақты нормалары пысықталуда.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Қандай табысы барын комиссия айтады. Оның нормасын әлі қарайтын боламыз.

Бүгін басталған құжат қабылдау барлық өңірде қалыпты өтуде. Бір адамнан өтініш қабылдауға орташа алағанда 20 минуттай уақыт кетеді. Сондықтан да, кезек күтушілер баршылық. Дегенмен, құжатты тапсыруға  алда бір ай бар.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу