Нұр-Сұлтан тазартылып жатыр. Бас қалада екі айлық экологиялық шара басталды. Ұйымдастырушылар тұрғындарды акцияға белсенді атсалысып, шаһардың шырайын кіргізуге шақырды. Әзірге дұрыс тазаланбағандықтан және жүрген жерінде қоқысты лақтыра салатын әдетінен арылмаған адамдардың кесірінен көптеген көше қоқыстан көз ашпай тұр.
Бас қала болса да, айнала айнадай емес. Қуыс-қуысты айтпағанның өзінде, төңіректің бәріне төбе-төбе қоқыс төгілген. Мысалы, тас жолдың жиегінде күл қалдығы жайрап жатыр. Ал, арнайы контейнердің жан-жағындағы жағдай мынау. Бірақ, кінәліні іздеп таппайсың. Сол жердегі көлік дөңгелектерін жөндейтін екі орталық иелері де басын ала қашты.
Мына көрініс тіпті көңіліңді күпті етеді. Егде адамдар «қоқыс көктен түскен жоқ, көпшіліктің көргенсіз әрекеті»,-деп отыр.
Нұр-Сұлтан мен Қосшы ауылы арасында жасыл аймақ бар. Сол жерге қыс бойы қар араласқан қоқысты әкеп төккен. Арнайы тақтайшадағы ескертуді елемесе керек. Енді қар көбесі сөгілген соң қаладағы төрт ауданда екі айға созылатын экологиялық айлық басталды. Акцияның алғашқы күні 900 аула тазаланды.
Экологиялық айлықтар жыл сайын өтеді. Бірақ, одан жаңарып жатқан қала жоқ. Демек, тазалықты талап ету үшін алдымен тұрғындардың санасын жаңғыртқан дұрыс болар.
Нысаналы ЫҒЫЛ