Ақмола облысы су тасқынына байланысты толық бақылауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысы су тасқынына байланысты толық бақылауға алынды

01.04.2019

Ақмола облысында да су тасқынына қатысты ахуал күрделі болғанымен, толық бақылауда. Кеше Бурабай ауданындағы Кенесары су қоймасының қабырғасы опырылып, шамамен 2 миллион текше метр су Ивановка қоймасына жетті. Ал, Целиноград ауданындағы елдімекендер ішіндегі қар еріп, біраз аулаға су жайылған. Сондай-ақ, Атбасар, Аршалы, Астрахан аудандарына азаматтық қорғаныс саласының мамандары жұмылдырылды.

Кенесары қоймасының бөгетін 31 наурыз түнгі 4:35-те су шайып кеткен. Тасыған су Қылшақты өзенімен Ивановка қоймасы арқылы Көкшетауға бет алған. Әйтеуір, Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының шұғыл әрекетінің арқасында су көлемі төмендеді. Құтқарушылар өзеннің жағасын ашып, суды далаға ағызуға мәжбүр болды. Төтенше жағдай болған қойма республикалық «ҚазСуШар» мекемесіне қарайды.    

Алексей Советов, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Су қоймасының қабырғасы тиісті шаралардың уақытылы жүргізілмеу кесірінен опырылып түсті. Су шайып кеткен бөгеттің ұзындығы 30, ал, биіктігі 4 метр. Біз «ҚазСуШар» мекемесіне бірнеше рет ескерттік, хат жолдадық. Алайда, ешқандай әрекет болған жоқ. Ал су қоймасының жағдайы нашар еді. Қазір елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Су деңгейі сағат сайын бақылануда. Ахуал тұрақты. 

Бүгінде Целиноград ауданындағы жағдай қиын. Су сору жұмыстары осы өңірде ғана жүргізілуде. «Ауылдағы арықтар тазартылмағандықтан, осындай ахуалға душар болды», дейді мамандар. Су қоймаларындағы жағдай болса, әзірге тұрақты. Олар су қабылдап жатыр. Әрқайсысының ағызу кестесі бар.

Бақыт Мақажанова, «Қазгидромет» мекемесі облыстық  филиалының директоры:

Облыс аумағындағы өзендердегі ылғал мөлшері орта есеппен 40-60 пайызға кеміді. Ал топырақ тоңының тереңдігі 10 пайызға азайды. Соңғы апта жауын-шашын көп болды. Наурыздағы жауын қалыпты мөлшерден 73 пайызға артық. Сондықтан, бұл да өз әсерін тигізеді. Алдағы күндері ауа райы жылы болады деп күтілуде.

Барлық қауіпті аймақтар тәулік бойы бақылауда. Өзендердің ағысы қадағалануда. Қоқыс немесе мұз жиналған жағдайда қажетті жұмыстар атқарылатын болады.

Ермек Елберген, тілші:

Ақмола облысы аумағының басым бөлігін әлі қар басып жатыр. Ал, 3 сәуірден бастап, күн күрт жылиды, тіпті түнде де ауа райы 0-ден жоғары болады деп күтілуде. Сондықтан, қар қарқынды түрде ери бастаса, Атбасар, Астрахан, Аршалы, Целиноград және Қорғалжын аудандарына қауіп төнеді. Дегенмен, мамандар «алдын алу шараларын барынша жасап жатырмыз», дейді.  

 

 Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу