Қарқаралыда атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны үш есеге көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралыда атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны үш есеге көбейген

29.03.2019

Елбасының тапсырмасына сәйкес, арнайы мобильдік бекеттер барлық ауыл-аудандарды аралап, көпбалалы аналарға берілетін көмек қаржының шарттары, мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты түсіндіруі осындай нәтиже берді. Бұған қоса биыл аудан бойынша 2 мың адамды жұмыспен қамту, көпбалалы аналарды кәсіпкерлікке тарту шаралары жоспарланған.

Кенжегүл - 6 баланың анасы. Бұл шаңырақта тек отағасы ғана жұмыс істейді. Жергілікті билік пен қайырымды жандар аз қамтылған отбасына үнемі қарайласып тұрады. Жақында жаңа шарт бойынша атаулы әлеуметтік көмекке іліккен ананың қуанышында шек жоқ.

Кенжегүл Мәлік, көпбалалы ана:

- Назардан тыс қалдырмағанына қатты ризамыз. 21 мың теңгенің жәрдемақысына ілігіп отырмыз. Бізге үлкен көмек. Бес балам мектепте оқиды.

Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмекті 90 отбасы алып келсе, енді бұл жәрдемақыны алатындар саны 243-ке жетті. Себебі көмек қаржыны алу шарттары өзгеріп, көптеген кедергілер жойылды. Қазір «Алтын алқа» және «Күміс алқаға», мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы, шәкіртақы отбасының кірісі болып есептелмейді. Бұл туралы ауыл-аймақты аралаған арнайы мобильдік топтар осыны түсіндірді. Сондай-ақ, құжат жинау, қағазбастылық та реттеле бастады.

Бұған қоса, кәсіп ашамын деген аналарға 500 мың теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар және 6 пайыздық жеңілдікпен несие берілмек. Қазіргі таңда оны алуға аудан бойынша 15 ана өтініш берген. Сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 420 миллион теңге қаражат бөлінген. Қосымша мамандық алғысы келетіндер де көп. Биыл аудандағы 2 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Оның көбі - жастар.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу