Қазіргі таңда ол «7-20-25» бағдарламасына қатысамын деген дәрігерлер мен педагогтар және полицейлерге үлестіріліп жатыр. Мұндай пікір қалалық мәслихаттың сессиясында айтылды. Қазіргі таңда бас қалада 3800 адам мәдениет пен спорт саласында еңбек етуде. Өкінішке қарай, басым көпшілігінің жалақысы төмен. Сондықтан да 70 пайызының жеке тұрғын үй сатып алуға қалтасы көтермейді. Қазіргі таңда 2 мыңнан аса мәдениет қызметкері пәтер кезегінде тұр. «Осы мәселені шешу үшін оларға тұрғын үй сертификаттарын беру қажет»,-дейді депутаттар.
Естеріңізде болса, Үкімет мұндай 50 мың сертификат таратып беруді жоспарлаған болатын.
Нұрлан Нұркенов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл мәселені шешу үшін жалдамалы пәтерлердің құрылысын жандандыру қажет. Сондай-ақ, жатақханалар да көп түйіткілдің түйінін тарқатады. Қазіргі таңда Қорғалжын тасжолының бойында мәдениет пен спорт қызметкерлеріне арналған жатақханаға жер телімі бөлінді. Енді осы жұмыстың қарқынын күшейтуге тырысамыз.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ