Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Ақмола облысына арнайы барды (Толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Ақмола облысына арнайы барды (Толығырақ)

28.03.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық әлеуметтік бастамалары мерзімді әрі сапалы орындалады. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы қатаң бақылауда. Халықтың табысын көбейтіп, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған «Әлеуметтік қамқорлық шараларын» жүзеге асыру аймақтарда кезек күттірмес шаруаға айналды.

Бүгін вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Ақмола облысына арнайы барды. Жергілікті халықпен кездесіп мемлекеттік тарапынан көрсетілетін көмектің тізбегі түсіндірді. Тұрғындардың пікірін тыңдап, мазалаған сұрақтарына жауап берді. Толығырақ, тілшіміз Ербол Мәндібек әңгімелейді.

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық шараларын»  Ақмола жұртшылығы да үлкен қуанышпен қабылдады.  Достық үйіне жиналған қауым әуелгі әңгімені осыдан бастады. Әсіресе көпбалалы жас отбасылар жәрдемақы туралы жағымды жаңалықты жиі тілге тиек етті. Әсемгүл мен Лидия Көкшетаудағы көпбалалы аналардың бірі. Әрбір балаға берілетін 21 мың теңге отбасымыз үшін көп көрім көмек дейді.    

Әсемгүл Қалижанова, көпбалалы ана:

Әсіресе, соның ішінде жағдайлары төмен отбасыларға өте үлкен көмек болады. Көмек ең біріншіден ол балаларға балалардың оқуына киім-кешегіне тамақтануына деген көмек.

Лидия Ғаниева, көпбалалы ана:

Мысалы, мен барлық мазалаған сұрақтарыма жауап алдым. Әлеуметтік қолдау шаралары туралы жан-жақты мәлімет берді. Аналарға жәрдемақымен қоса өз кәсібін бастауға мол мүмкіндіктер беріп отырғаны қатты қуантты. 

Атаулы әлеуметтік көмек бірінші сәуірден бастап берілетіні белгілі. Қазір жергілікті жерлерде құжат тапсыру үдерісі жүріп жатыр. Аталған көмекті бұған дейін 571 мың адам алса, биылдан бастап олардың саны 830 мыңға дейін ұлғаяды.

Сонымен қатар, мүмкіншілігі шектеулі жандарға күтім жасайтын отбасылардың жәрдемақысы 30 пайызға өсіп 41 500 теңгеге дейін артады. Бұдан бөлек, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың өз кәсібін бастауына барынша мүмкіндік берілуде. Атап айтқанда, бизнес идеяларға 500 мыңға дейін гранттар беріледі. Шағын несиелеу көлемі 6,5 миллионға дейін ұсынылады. Тіпті, біріккен бизнес жоспарларды 20 миллионға дейін қаржыландыру қарастырылған.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Жалпы екі күн осы облыста жұмыс істейміз. Түрлі қабылдаулар болады.

Халықтың тұрмысымен қатар, деесаулық сақтау сапасын жақсартуға да айрықша мән берілуде. Мәселен, министр Елжан Біртановтың айтуынша, биылдан бастап мемлекет есебінен білім алған медицина мамандары негізінен ауыл-аймақтарға жіберіледі.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Біз көп дәрігерді оқытып шығарсақ та көбісі жекеменшік клиникаларға кетіп қалып жатады.

Маусымнан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға өсетіні мәлім. Мәселен, Көкшетаудағы нөмірі 1 емханада 600-ге тарта маман бар. Соның 400-ге жуығының еңбекңақысы еселенеді. Айта кетейік, мемлекет азаматтық қызметшілердің айлығын өсіруге ағымдағы жылы 115,7 млрд теңге бөлсе, 2021 жылға дейін қаржыландыру көлемі 234 млрд-қа дейін ұлғаяды.   

Тұрғындардың баспанамен қамту басым бағыттардың бірі. 2025 жылға дейін тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін еліміз бойынша 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынады. Алдағы мамыр айында 2000 баспана беріледі деп күтілуде.

Мұндай қолдауға Ақмола облысында 150 отбасы ие болады. Үкімет өкілдерінің жұмыс сапары жалғасуда. Ертең күні бойы осы өңірдегі бірнеше  ауылдарды аралап көпбалалы және жағдайы төмен отбасылармен кездесу өткізбек.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу