Парламент Сенаты көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған заңды қабылдады. Әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мәселелері жөніндегі кеңес барысында Елбасы көмекке мұқтаж көпбалалы отбасылардың әлеуметтік көмек алу мүмкіндігін биылғы 1 сәуірден қалдырмай қамтамасыз ету қажеттігін тапсырған болатын. Түзетулер осы тапсырманы орындауға бағытталған.
Заң жобасында атаулы көмек көрсету критерийін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін арттыру, аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға берілетін ең төмен төлемді 20 789 теңге көлемінде белгілеу шаралары көзделген. Сондай-ақ, құжатта мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған ай сайынғы жәрдемақыны және бала кезінен бірінші топтағы мүгедек жанды күтіп бағушы адамдарға ай сайынғы жәрдемақыны мөлшерін 30 пайызға ұлғайту арқылы аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жайы ескерілген.
Заң жобасы аясында білікті педагогтар, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да мамандар үшін «7-20-25» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен берілетін ипотеканың бастапқы жарналарын жергілікті бюджеттен ішінара субсидиялау тетігі енгізіледі. Құжат мемлекет басшысының қол қоюына жолданды. Сонымен қатар, бүгінгі жалпы отырыста Сенат спикері Дариға Назарбаева Үкімет назарын экологияға аудару керек, деді.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының спикері:
Экологиялық мәселелерге жауапты мемлекеттік органдардың қоршаған ортаға және тұрғындарға әсер ететін ешқандай ахуал жоқ деген ресми мәлімдемелеріне қарамастан, бұл апатты жағдайға нақты баға берілуі тиіс. Ауаның, ілеспе судың және топырақтың сапасына күнделікті тексеріс жүргізу керек.
Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Сондықтан, осы экологиялық мәселелерді еңсеру бойынша жедел шаралар қабылдау қажеттігіне Үкіметтің назарын аударамын. Қажет болған жағдайда осы салаға қатысты заңнамаға тиісті түзетулер енгізу жұмыстарын қолға алған жөн.
Индира БЕГАЙДАР