Облыс әкімдері әлеуметтік желілерде жаппай парақшалар ашуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Облыс әкімдері әлеуметтік желілерде жаппай парақшалар ашуда

28.03.2019

Облыс әкімдері әлеуметтік желілерде жаппай парақшалар ашып, белсенді жұмысқа кірісе бастады. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімінен бастап, облыс басшылығына дейін тұрғындармен кері байланыс орнату қажеттігін тапсырған болатын. Осыған орай, жер-жерлерде жұртшылықпен байланыстың жаңа үлгісі жандана бастады.

Қазақстанда әкімдердің әлеуметтік желілерде белсенділігі баяу. Халықпен кері байланыс орнатудың тетіктерін пайдаланатындардың саны саусақпен санарлық. 17 әкімдіктің төртеуінде ғана байланыс орталығы бар екен. Ал мобильді халық бақылауымен 7 өңір ғана жұмыс істейді. Сол себептен, Мемлекет басшысы әкім-қараларға халықпен байланыстың жаңа үлгісіне көшуді тапсырған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өңір әкімдері есеп беру кездесулерінде ғана емес, сонымен қатар, тұрақты негізде адамдармен кездесіп, барлық елді мекенді аралап шығуы тиіс. Қоғамның қазіргі даму кезеңінде жүргізіліп жатқан реформалар мен іске асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мәнін нақты және қолжетімді жеткізе білу - әрбір жетекшіге ажырамас талап. Кейде ең сауатты маман қарапайым және қолжетімді тілде сөйлей алмайтынын өздеріңіз көріп отырсыздар.

Елорданың экс-әкімі Әсет Исекешов бұл бағытта белсенді болатын. Оның фейсбук парақшасына 40 мыңнан астам адам жазылған. Акканутты өміршең етіп, халыққа пайдалы дүниелерді жариялап отырды, арыз-тілектерге жеке жауап беруге тырысты.

Ал қазір қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек тізімнің екінші орнында. «Сарыарқа» ауданы әкімі тұсында ол «халықтың әкімі» атанып үлгерген еді. Оның фейсбукте 39 мыңнан астам, инстаграм желісінде 70 мыңның үстінде оқырманы бар.

Әлемжеліде қолдау тапқан әкімдердің үштігін Павлодар облысының басшысы – Болат Бақауов түйіндейді. Парақшасын ашқанына небары үш апта. Аз уақыттың ішінде инстаграмына 15 мыңнан астам адам жазылып  үлгеріпті. Оның көпбалалы аналарға, алимент төлемегендерге қатысты жазбалары қызу талқыланып, мыңнан астам лүпіл жинап жатыр.

Шығыс өңірінің басшысы Даниял Ахметов әлемжелімен мүлдем дос емес. Есесіне, Өскеменнің жас әкімі Жақсылық Омар тым белсенді. Қаланың тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, халықпен тығыз байланыс ұстайды.

Кешегі Президент пәрменінен кейін барлық облыс, қала басшылары бірінен-соң бірі жеке парақшаларын аша бастады. Ақтөбе облысының басшысы Оңдасын Оразалин өз аккаунтын ашты. Бірнеше сағаттың ішінде 200-ден аса адам тіркелді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов да фейсбук желісінде өз парақшасын жүргізуді қолға алды. Өңір басшылары әлеуметтік желінің көмегімен тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар мен ұсыныстарға шұғыл жауап беретіндерін жазуда. Сонымен қатар, жаңалықтармен бөлісіп, атқарған істеріне есеп беріп отырмақ. 

Тимур Әбдірешов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

Барлық әлеуметтік желілерде өзіміздің аккаунттарымыз бар. Онда халықпен байланыс орнатылған. Тез арада жауап беріледі. Әр әлеуметтік желіде халыққа түсінікті болуы үшін өзінің жеке ақпарат беріледі. Фотомен, инфографика, видеомен. Сондай-ақ, біздің облыста былтырдан бері облыс әкімдігінің отырыстарын, жиналыстарын, әкімнің есептік кездесулерін фейсбукте тікелей эфирде көрсетеміз.

Қарағанды облысының барлық қала-ауданы да бір күнде Фейсубк-те тіркелді. Осылайша, өңір басшылары өзекті мәселелерді тез арада шешуге мүмкіндік алмақ. Өйткені, қазіргі күні тұрғындар олқылықтар мен қиындықтар жайлы әлеуметтік желілердегі жергілікті топтарда бөлісіп отырады. Бұдан бөлек, облыс әкімдіктері жиналыстар мен есептік кездесулерін тікелей эфирде көрсетуді дәстүрге айналдыра бастады.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу