Елорданың атауын өзгертуге бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың атауын өзгертуге бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді

27.03.2019

Әрі тұрғындарға құжаттарды ауыстырудың қажеті жоқ. Сол себептен елорданың жаңа атауы халыққа ешқандай қолайсыздық тудырмайды.

Мемлекеттік мекемелердегі ескірген белгілер мен көшелердің атауын өзгертуге бюджеттен жыл сайын қаржы бөлініп тұрады. Нұр-Сұлтан атауы осы қаражаттың есебінен жүргізіледі. Яғни, қосымша қаржы қажет емес. Бұл өзгеріс қала халқына ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Мысалы, пәтеріңізді сату үшін қаланың жаңа атауына ауыстырып, құжатты жаңартудың қажеті жоқ.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгіннен бастап олардың барлығын ауыстыру керек деген талап жоқ. Қосымша шығын кетпейді.

«Жалпы, елордаға Елбасының есімін беру – әділ шешім. Шаһардың жаңа атауы халықтың рухын көтереді. Ұрпақ кімнің құрметіне қойылғанын біліп жүреді»,-дейді аға буын.

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл атауға тез үйренісіп кетеміз. Оның үстіне бұл жаңадан жасалып жатқан іс емес қой, әлемде мұндай тәжірибе көп. Елбасының еңбегін елеп, оның есімін Астанаға беруді қай жағынан алсақ та, өте дұрыс деп санаймын.

Ирина Аронова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз бұрыннан осындай мамыражай өмір сүргендей боламыз. Алайда, қиын кезеңдерді бастан өткердік. Сол кезде Елбасының сындарлы саясатының арқасында дамудың даңғыл жолына түскенімізді ұмытпауымыз тиіс.

Елінде еңселі еңбек еткен ерлердің есімі әлемнің жүзден астам қаласына берілген. Ал, Нұр-Сұлтан - тарихи тұлға мәртебесін асқақтатқан тарихи шешім.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу