Елорда әкімдігі  халықты әлеуметтік қорғау қызметтерінің бірыңғай жүйесін әзірледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда әкімдігі  халықты әлеуметтік қорғау қызметтерінің бірыңғай жүйесін әзірледі

26.03.2019

Елорда әкімдігі халықты әлеуметтік қорғау қызметтерінің бірыңғай жүйесін әзірледі. Бас қалада тұратын көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедектер үшін мынадай көмек түрлері қарастырылып отыр: Аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтер үшін  берілетін төлемақы 18 пайызға артып, бұл мақсат үшін 34 млн. теңге бөлінді. 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күтушілері қоғамдық көлікте тегін жүре алады.

Сондай-ақ, мүгедек балаларға көрсетілетін көмек 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында техникалық және кәсіби білім беру орындарында 3 мыңға жуық адамды тегін оқыту үшін 1,5 млрд. теңге бөлінді. Ал, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертифакатын беру үшін 2 млрд. теңге қарастырылған. Көпбалалы отбасылардың балаларына, оның ішінде мектеп оқушылары, университет пен колледж студенттеріне де қоғамдық көлікте жүру тегін.

Сондай-ақ, көпбалалы отбасылардың балалары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылып, осы санаттағы және аз қамтылған жанұялардың балалары мен жетімдер үшін арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, олар мектеп формасы, қажетті оқу құралдармен тегін қамтамасыз етіледі. Мұндай санаттағы отбасылардың  балалары балабақшаға тегін барады.

Ал, мектепті аяқтаған 180 балаға елорданың жоғары оқу орындарында білім алуы үшін арнайы гранттар беріледі. Көпбалалы аналарға тіс дәрігерінің қызметі тегін болады. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек ретінде көмір алу үшін 1000 отбасыға 26,3 млн. теңге бөлініп отыр. 

 

Альбина  ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу