Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың ұжымы елорданың Нұр-Сұлтан аталуын қолдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың ұжымы елорданың Нұр-Сұлтан аталуын қолдайды

25.03.2019

Елбасы – қазақ елінің дүниежүзіне дербес мемлекет ретінде танылуына шексіз еңбек сіңірген адам. Сондықтан Астана атауының ауыстырылуын халықтың Тұңғыш Президентке көрсеткен құрметі деп түсінеміз», – дейді Теміртаудағы металлургия комбинатының қызметкерлері. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы осынау Қазақстан магниткасының негізін қалауға қатысып, зауыт қабырғасында қарапайым жұмысшыдан үлкен қайраткер тұлға болып түлеп шықты. Қай кезде болмасын еңбек адамдарын жоғары бағалап, еліміздегі өндіріс саласының дамуына баса көңіл бөлді.

Мұрат Қойшыбаев, металлург:

- Біз, металлургтер, осы Наурыз мерекесін өткізіп, жақсы жаңалықты естіп жатырмыз. Елорданы біздің Елбасының атымен Нұр-Сұлтан деп қойып жатыр. Соны біз, металлургтер, қолдаймыз. Елбасының еңбегі зор.

Қуаныш Омашев, ардагер металлург:

- Елорданы Нұр-Сұлтан деп атағанына біз құрметпен қараймыз. Бұл - дұрыс шешім. Нұрекеңнің біздің халқымыз үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Қандай құрмет болсын, Нұрекең соған лайық.

Павлодардағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ ұжымы да елордаға Нұр-Сұлтан атауы берілуін қолдайды. Кәсіпорында 5 мыңға тарта жұмысшы бар. Олардың 50 пайызға жуығы - жастар. Алюминий зауыты бұрын топырақтағы аққалайы тотығын бөліп алып шикізат ретінде сататын. Ал, 2007 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ұйытқы болуымен электролиз зауыты салынды. Содан бері алюминий өндірісі кластерлік жүйе бойынша дамып келеді.

Қанат Ескендіров, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жастар кеңесі төрағасы:

- Елбасы біздің зауыттың іргетасын қалаушы тұлға ғана емес, әлемдік деңгейде танымал саясаткер. Ал, біз, Павлодар жастары, сол кісінің қамқорлығы арқасында заманауи зауытта жұмыс істеуге мүмкіндік алдық. Еңбекақымыз жоғары, пәтерімізді алып жатырмыз. Сондықтан ел мүддесін әрқашан бірінші кезекке қоятын Тұңғыш Президентіміздің есімі елордамызға беріліп жатқандығын баршамыз қолдаймыз.

Шығыс Қазақстан облысындағы металлургтер бүгін Елбасы жақсы көретін «Весна на Заречной улице» әнін шырқады. Жұмыс арасындағы үзіліс кезінде 1,5 мыңға жуық адам қорғасынды тазарту цехына жиналып, елордамызды Тұңғыш Президент есімімен атау туралы ұсынысты қолдайтындарын осылай жеткізді. Бұдан соң сахнаға шыққан металлургтер Нұрсұлтан Назарбаевпен оның Шығыс өңіріне жұмыс сапарымен келгенінде кездескен сәттерін еске алып, Елбасының тау-кен өндірісінің дамуына қосқан үлесі зор екенін айтты.

Нұрлан Ұмарбеков, «Қазцинк» ЖШС кәсіподақ төрағасының орынбасары:

- Біздің шетелдік әріптестеріміз, Қазақстан туралы айтқанда Нұрсұлтан Әбішұлының есімін бірге айтады. Өйткені бұл - егіз ұғым. Сондықтан Астананың атауын өзгерту арқылы елімізде тағы бір бренд пайда болады деп есептеймін.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу