Елорда – Елбасының ерен еңбегінің жемісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда – Елбасының ерен еңбегінің жемісі

21.03.2019

Елорда - ел мақтанышы. Көзді ашып жұмғанша жас қала жаһанға танылды. Қанатын кеңге жайды. Қарасаң, көз тоймайтын зәулім ғимараттар бой көтерді. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасына айналды. Қазынаға қыруар қаржы құятын донор шаһар болды. Ал, халқының саны күн санап еселеніп келеді. Мұның бәрі – Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегінің жемісі. «Демек, Астана атауын Нұр-Сұлтанға өзгерту бұл Қазақ елінің Елбасына деген алғысы дейді»,- қазақстандықтар.

Астана – Еуразия мен Азияны жалғастырушы алтын көпір, қақпаның кілті. Күллі қазақ халқының жүрегі. Мақтанышы. Елбасының төл туындысы, ғажап қала қазақ елін жер-жиһанға танытты.

Көпен Әмірбек, сатирик:

- Астананың атының өзгеруі біздің ұлтымыздың ұлылығын, жылылығын, өзінің мінезін көрсетеді. Неге? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дейді. Дәл осы Астанаға Елбасы зор еңбек сіңірді.

Бахадыр Нарымбетов, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Елорданы Нұр-Сұлтан деп атау елдің рақметі, Елбасымызға деген құрметі деп есептейміз. Бұл - заңдылық. Еліміздің тұғырын нығайтып, Тәуелсіздігімізді әлемге паш етіп, күн сайын елдің дамуына бүкіл ғұмырын паш еткен Елбасына біздің құрметіміз.

Қостанайлық жастар да Елорданың Нұр-Сұлтан деп аталуын қолдайды. Егемен елдің қалыптасып, өсіп-өркендеуіне Елбасының еңбегі ерен. Әсіресе, жастардың жан-жақты дамуына. Президенттің бастамасымен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасы талай жасқа қанат бітірді. Үлкен өмірге жол ашып берді.

Жұпар Қожахмет, облыстық жастар ресурстық орталығының сектор жетекшісі:

- Астананың Нұр-Сұлтан деп өзгеруі Елбасымыздың көптеген жылдар бойы атқарған еңбегінің жемісі деп білемін. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Жастар атынан біздің бүгінгі азды-көпті жетістіктеріміз Елбасының салиқалы саясатының жемісі деп білемін.

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңеске Солтүстік Қазақстан облысы атынан сайланған. Сондықтан Петропавлда Ұлт көшбасшысының атында көше болуы заңды құбылыс. «Ал, Елорданың Нұр-Сұлтан атануы – заңдылық»,- дейді қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов. 

Жарасбай Сүлейменов, қоғам қайраткері: 

- Елбасының өмірі, мен ойлаймын, біздің бүгінгі ұрпаққа, келер ұрпаққа өнеге болуы тиіс. Сол кісінің таңдаған адал жолымен біздің жастарымыз жүретін болса, адаспайды. Сол кісінің істеген қызметіне, халқына сіңірген еңбегіне лайықты бағасын беруіміз керек. Ол кісі соған лайық. Астана - сол кісінің төл перзенті.

Астана атауына әбден үйренген астаналықтар, енді нұр-сұлтандықтар болуға еш қарсы емес. «Жүре құлақ үйренер»,-дейді. Себебі елорда мен Елбасыны бөле-жару мүмкін емес.

Ертеңге қалдырар, ұрпаққа табыстар мирас-мұрамыз да, байлық базарымыз да – осы елордамыз Астана. «Сондықтан Астананың атауын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атау – тарихи қадам, әділ шешім»,-дейді қазақстандықтар.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу