Елбасының  қала-аудан,  ауыл-аймақтың дамуына сіңірген еңбегі орасан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының  қала-аудан,  ауыл-аймақтың дамуына сіңірген еңбегі орасан

20.03.2019

Елбасының  қала мен ауданның,  ауыл-аймақтың дамуына, көркеюіне сіңірген еңбегі орасан. Өскемендегі ел-жұрт Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін мерзімнен бұрын тоқтатқанын естігенде көз жасына ерік бергендерін де жасырмайды. Тұтас қазақ  елінің табысын, әрбір жетістігі мен жеңісін  ұлт көшбасшысымен байланыстырады. Сондықтан, халықтың Елбасына деген ықыласы  ерекше.

Соңғы  өзгерістер Өскемендегі жасты да жасамысты да елең еткізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтатқанын мектеп оқушылары бір адамдай біліп отыр. Әрқайсысы бұл жаңалықты қалай естігенін айтып, шынайы сезімдерімен бөлісуде.

Асылжан Бейсембаева, 4-сынып оқушысы:

Жүрегіміз ауырды, әйтеуір жаңа Президент келгенде барлығы жақсы болса болды ғой.

Аружан Нұралина, 5-сынып оқушысы:

Бүгін мен сабаққа барғанда, біздің сыныпта бір қыз соны естіп жылап қалған. Мен де басында сенген жоқпын, сосын анам айтып бергенде сендім. Кішкене жылағым келіп кетті.

Кешегі Үндеуден кейін аға буын да Елбасына деген қимасытығын жасырмайды. Өмірін ұстаздыққа арнаған Гүлжамал Садуақасова  ҰЛТ көшбасшысын  әрдайым жастарды қолдайтыны үшін ерекше құрметтеймін дейді.

Гүлжамал Садуақасова, қала тұрғыны:

Елбасы балаларды жақсы көрген, әрбір кездесулерде балаларды көтеріп алады, бетінен сүйеді. Бәрін құшақтайды. Яғни, ол кісі соншалықты жастарды жақсы көргенін білемін. Елбасын біз де, қазақ халқы жақсы көреміз. Тіпті басқа ұлттың өкілдері өте жақсы көреді. Біздің мысалы, орыс ұлтының өкілдері тіпті жылап отыр, апалар. Шын айту керек, олар өте жақсы көреді Елбасымызды.

Ерболат Садуақасов, қала тұрғыны:

Шынын айту керек, ол кісіге біз бауыр басып қалдық, үйреніп. Азғантай ауыл, совхоз-колхозды басқару қиын болатын. Ал бүкіл елді, оны әлемге таныту сол кісінің даналығы мен данышпандығынан деп айтуға болады.

Нуритдин Алыпсой Қазақстанда кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейткен түркиялық азамат.  Ширек ғасыр Қазақстанда тұрып, осы елде тамырын кеңге жайған.  Елдегі ұлтаралық  татулықты ерекше қадірлейтін азамат  бейбіт өмірдің бейнесіндей болған тұңғыш президентке құрметім шексіз, дейді.

Нуритдин Алыпсой, қала тұрғыны:

Шынын  айтсам, жүрегім ауырып кетті. Жаңалықтардан жұмысын қойды дегенді естігінде, мен қимай қалдым. Бірақ, иншалла, ос күнге дейін тыныш болды, бұдан кейін де келетін адамдар да сол жолмен жүреді деп мен ойлаймын.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі тарихи мәлімдемесі Шығыс өңірінде ешкімді бей-жай қалдырмады. Себебі  халық үшін Қазақстан мен Елбасы егіз ұғым. 

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу