Қазақстанның тұңғыш президентінің мәлімдемесі, Маңғыстаудағы зиялы қауым өкілдеріне күтпеген оқиға болды. Ақтаудағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Бектұр Төлеуғалиев Елбасының замандасы. Елбасының ерен еңбегі бүгінде тек қазаққа емес, дүниежүзі халқына таныс. Оған кешелі бері айтылып жатқан шетел ғалымдары мен академиктерінің пікірі дәлел дейді ол. Президент ел тізгінін қолға алған күннен бастап, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді мақсат етті. Жан-жақтан инвестиция тартып, экономиканы көтерді. Ядролық қарудан бас тартып, Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде әлемге танытты. Елдің шекарасын бекітті. Алпауыт елдердің көбімен терезесін тең қылды. Өскелең ұрпақты тарихты білуге шақырды. Жастарға сарқылмас күш-жігер беріп, бастамаларын қолдады. Бұл оның атқарған істерінің бір бөлігі ғана дейді ақсақал.
Бектұр Төлеуғалиев, Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:
- Сонау 90 жылдардың басында өзіңізге белгілі, елдегі экономикалық саияси жағдай төмендеп кетті гой. Біздің азаматтарымыз, жұмыс жасап жүргендер де қолына ала дорба алып, базарға сауда жасауға қарай ығысып кетті. Елдің күйі әлеуметтік жағдайы қатты төмендеді. Сол уақытта білегін түріп халықтың алдына шығып, халықтың барлық жауапкершілікті мойнына алып, жұмысқа кірісіп кетті ғой. Әрине сол уақытта бірден керемет болып кетті деуге болмайды. Бірақ, бұл кісінің ұйымдастыру қабілетінің өте үлкен екендігіне біздің көзімізді жеткізді.
А. Оралбайқызы