Елбасының әлеуметтік жобалары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының әлеуметтік жобалары

20.03.2019

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қандай жағдай болмасын әлеуметтің әлеуетін бірінші орынға қойып келеді. Жылда халыққа арнайтын жолдауының көп бөлігінде де тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салды. Еліміздегі әлеуметтік жобалар Ақбұлақ, Балапан, Сыбаға, Дипломмен ауылға, Жұмыспен қамту, 100 мектеп 100 аурухана,  Нұрлы жер, Нұрлы жол секілді бастамалар өз жемісін берді.  Осы жобалардың арқасында әр салада оң нәтижеге қол жетіп, халықтың әл-ауқаты жақсарды. 

Әлеуметтің әлеуетін көтеретін әлеуметтік сала. Ақбұлақ, Сыбаға жобалары соның алғашқылары.«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша сумен қамтамасыз етудің 238 жобасы жүзеге асырылып, 360 шақырым су құбыры желісі салынды. Осылайша елді мекендер барынша ауыз сумен қамтылды. Мал шаруашылығын дамытудағы Сыбаға бағдарламасы да өз жемісін берді. 

Дипломмен ауылға білім жобасы да жоғары оқу орнын бітірген түлектерге жаңа жол ашып, жастарға бағыт-бағдар берді. Жобаға қатысушылар баспанамен қамтылып, оларға түрлі жеңілдіктер жасалды. Жұмыспен қамту жобасы бойынша да жұмыссыз жүрген жастар қайта оқытылып, олар жаңа мамандыққа ие болды.  100 мектеп 100 аурухана бағдарламасы көп мәселені шешті.  Республика бойынша жүздеген мектеп салынып, аймақтардағы мектеп тапшылығы шешілді. Алыс аудан, ауылдарда медициналық мекемелер бой көтеріп шалғайдағы ауыл тұрғындарының өз денсаулықтарына жіті қарауына мүмкіндік туды. «Нұрлы жол бойынша»   мыңдаған шақырым жолдар салынып, транспорттың әлеуеті жақсарды. Ол бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жол торабын ерекше атап өтуге болады.    

Көшілікті баспанамен қамтамасыз ететін «Нұрлы жер» жобасы да  көптеген отбасына қуаныш сыйлап келеді. Талаптары жеңіл әрі ыңғайлы бағдарлама 2017 жылдан бері жүзеге асып келеді, 2031 жылға дейін жалғасады.

Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 әлеуметтік жобасы бұған дейінгі бағдарламаларды әдемі толықтырды.

Назарбаев бірінші бастама ретінде әр отбасының баспанамен қамтамасыз ету керегін және оған мүмкіндік қалыптастыру жайында айтты. Сол үшін берілетін несие пайызын жеті пайызға дейін, алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, ал несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту керегін айтқан Президент бұл бағдарламаны «7-20-25» деп атады.

Екіншіден, салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын жұмысшылардың табысын молайту үшін салық жүктемесін он есеге азайтып, бір пайызға түсірді. Бұл 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды.

Назарбаев бұған қоса үшінші бастама ретінде жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру қажетін айтты. 2018-2019 жылдары әр жылға қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынады.  Колледждер мен университеттер 2022 жылға дейін жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орындық жатақхана салуы керек деп тапсырды.

Төртінші бастама - шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемі туралы болды.

Бесінші бастама - Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарына газ тарту. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне ғана газ тартылғанын айтқан президент орталық және солтүстік облыстарға бір жарым жыл көлемінде газ тарту міндетін қойды.

Міне бұл  - әлеуметтің әлеуетін басты назарда ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың жасап келе жатқан игілікті істері. мұндай ауқымды жобалары бар елдің еңсесінің ешқашан төмен түспетіні анық.    

Сәуле Алдамұратқызы

 

 

Хабарламаларға жазылу