Ақмола облысы: Садовое ауылындағы сүт өнімдерінің 40 пайызы экспортталуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысы: Садовое ауылындағы сүт өнімдерінің 40 пайызы экспортталуда

23.06.2014
Ақмола облысы: Садовое ауылындағы сүт өнімдерінің 40 пайызы экспортталуда
 
Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылындағы сүт өнімдерін шығаратын зауыттың бүгінде өндіріс қуаты артып, Қазақстанның әр түкпіріне өнімдерін жөнелтуде.
 
Әсіресе, Астана халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуде бұл кәсіпорынның үлесі мол.  
 
Компания швейцариялық технологиямен жұмыс істейді. Түгел дерлік автоматтандырылған қондырғы адам күшін көп талап етпейді. Басты қағида – бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіру.
 
Айгерім Махметова, зертхана маманы:
Алдымен сүттің сапасын тексереміз. Майлылығы, тығыздығы, сүт құрамындағы судың мөлшері, жалпы, таза өнім беру үшін барлық жағынан мұқият зерттелуі керек.
 
Зертханадан сұрыпталған таза өнім «Қазақстанда жасалған», деген белгімен тұтынушыларға ұсынылады.
 
Жалпы, кәсіпорын жылына 5 миллион литр сүт өңдеп, одан  сүт, айран, йогурт, май және қаймақ секілді өнімдер шығарады.
 
Валерий Маначинский, компанияның бас директоры:
Астана қаласынан сұраныс мол. Соның әсерінен жыл сайын өндіріс қуаты артып келеді. Өнімнің 30 пайызы Астана қаласының ірі супермаркеттеріне жіберіледі. Қыста өнім көлемі екі есе, ал, жазда үш есеге ұлғаяды.
 
Компания Ресей нарығына Кедендік одақ құрылған жылы шыққан. Енді Еуразиялық одақ кеңістігінде құлашын кеңге жаймақшы. Осы күнге дейін кәсіпорын сапалы өнімнің  40 пайызын экспорттап отыр.
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу