Қарағанды облысының Топар кентіндегі жылыжай кешені биыл 3 мың тоннадан астам қиярды саудаға шығармақ. Бұл - тамшылатып суғару технологиясы енгізілген еліміздегі алғашқы кәсіпорындардың бірі. Елбасы ауыл шаруашылығында суды үнемдей отырып, мол өнім алудың осы тиімді әдісін кеңінен қолдануды тапсырған болатын. Осы орайда Топар жылыжайының жұмысы көпке үлгі. Қазір мұнда қызанақ, болғар бұрышының плантациялары да жайқалып тұр. Сондай-ақ, бағбандар экзотикалық жемістерді де жерсіндірген. Кәсіпорын қазір Астана, Қарағанды қалаларын көкөніс және жеміспен қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып отыр.
Жылыжай кешенінің мына 8 гектар жаңа аумағы 2014 жылы мемлекеттік қолдау негізінде ашылған. Мұнда қиярдың 6 түрі өсіріледі. Жыл бойы үздіксіз өнім алынады. Жұмысшылар үшін қол еңбегінің өзі жеңілдетілген.
Базаргүл Жаппарбергенова, жылыжай жұмыскері:
- Шаршау жоқ қазіргі уақытта. Түнгі уақытта мына арбамызды қуаттауға қоямыз. Күндіз осымен жүріп жұмыс істейміз. Жұмысымыз сондай қиын емес. Бұрын жерде жүріп жұмыс істедік. Өсімдікті орамыз, таңертеңгілік қиярды тереміз. Мына жапырақтарын қиямыз.
Бұл - еліміздегі ең ірі жылыжайлардың бірі. Аумағы 20 гектарды алып жатқан алып кешенде қызанақ пен болгар бұрышы да өсіріледі. Мәселен, 2018 жылы 1 мың тонна қызанақ, 35 тонна бұрыш алынған. Бағбандар өнімнің сапасына кепілдік береді. Ешқандай химикат қолданылмайды. Арнайы биозертханада өсірілген санитар жәндіктер жылыжайға жіберіліп, зиянкестер толықтай жойылады.
Марина Квинт, жылыжайдың жетекші маманы:
- Климаттық өзгерістерді, ылғалдылықты, ауа температурасын, күн шуағынан тарайтын жылуды арнайы метеостанциямыздағы компьютерлік бағдарламамен қадағалаймыз.
Жылыжайда 250 адам тұрақты еңбек етеді. Ал, жаз айларында уақытша жұмысшылар алынады.
Қазір жылыжайда лимон ағаштары да жаппай гүлдеп жайқалып тұр. Осы жарты гектар аумақтың өзінен жылына 40 тонна лимон алынады. Сондай-ақ, жылыжай кешенінде басқа да экзотикалық жемістер өсіріледі.
Айталық мұнда лимон, апельсин мен мандарин, папайя мен грейпфрут та жемісін төгіп тұр. Жылыжай мамандары оларды жерсіндіру үшін көп еңбектенген. Ал, алғашқы өнімді тек 5 жылдан кейін ғана беріпті.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ