Тұрғын үй алу үшін жалпы тізімде тұрған көпбалалы аналарға бөлек тізім жасалады. Қазір оның тәртібі пысықталып жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада көпбалалы аналардың сұрағына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл 1-2 күнде шешілетін оңай мәселе емес. Әуелі осы бағыттағы жұмыстарды атқаруға кететін шығын мен берілетін баспана саны анықталмақ. Бірақ, пәтер алу үшін міндетті түрде кезекке тұру қажеттігін айтты.
Ал, тұрғын үй алуға өтініш бермес бұрын соңғы 6 айдағы табыс көлемі, мүлікке жекеменшік құқығының жоқтығы туралы анықтама және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттар түгел сұралады.
Бердібек Сапарбаев, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Мамыр айынан бастап 2000 пәтер беріледі. Үй бірден салынбайды ғой, әкімдік оның бәрін зерттеп қарап жатыр. Қай жерде қандай пәтер бос тұр, кім ие? «Экспоның» үйлері де беріледі.
Ербол МӘНДІБЕК