Аягөзде әскери қызметте болған азамат өзінің дені сау екендігін дәлелдей алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аягөзде әскери қызметте болған азамат өзінің дені сау екендігін дәлелдей алмай жүр

18.03.2019

Шығыс Қазақстандағы Аягөзде әскери қызметте болған азамат өзінің дені сау екендігін екі жылдан бері дәлелдей алмай жүр. Ефрейтор шеніндегі қызметкерге «өкпеңде дақ бар» деген диагноз қойылып, қызметінен шеттетілген. Кейін түрлі емханаларға қаралып, өзінің сау екендігін қанша дәлелдесе де, қызметіне қайтып алмаған. «Жалған диагноз кесірінен зардап шектім», деген жігіт әділдік іздеп, Ұлттық арнадан араша сұрады.

10 810 әскери бөліміндегі қызметінен Айдос Тұрсынбаев осыдан екі жыл бұрын босатылған. Үлгілі әскери қызметкер, спортшы. Еліміздің Қорғаныс күштерінің намысын қорғаған беделді жарыстардың жеңімпазы болған. Алайда, бір күннің ішінде, әскери госпитальдың шығарған шешімімен қызметінен шеттетілген.

Айдос Тұрсынбаев, Аягөз қаласының тұрғыны:

2-3 сағаттың ішінде бүкіл құжатымды жинады да, қолыма бере салды. Болды, кет деді. Өкпеңде дақ бар деді де, босатты.

Мұндай диагноз қойған соң Айдос Тұрсынбаев «денсаулығымды түзетейін,  дерт асқынып, бала-шағама кесірі тиер», деген оймен Семей мен Алматының клиникаларына жүгінген. Алайда, дәрігерлер оның дені сау болғандықтан, емдеудің еш қажеті жоқтығын айтып қайтарған. Бірақ, әскери госпиталь өкілдері өз айтқандарынан танбады.

Айдос Тұрсынбаев, Аягөз қаласының тұрғыны:

Екі томографияға түстік. Екеуінде де тап-таза. Үшіншісін міне, сенің өкпеңде дақ бар деп, біреудің қағазын маған алып келеді.

 Айдос қазір жұмыссыз. Әр істің басын бір шалып, бала-шағасын асырауға мәжбүр. Сап-сау бола тұра, сандалып далада қалғанына қапалы. Бұл мәселені Қорғаныс Министрлігінің Орталық әскери дәрігерлік комиссиясының басшылары да біліп отыр.

 Қанат Сұлтанғазин,  Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери дәрігерлік комиссиясының бастығы:

Орталық әскери дәрігерлік комиссиясына арыз жазуға болады. Сол қаралып болғаннан кейін шешім нақты қабылданады. Егер де ол орталық әскери дәрігерлік комиссиясының шешіміне келіспеген жағдайда, сотқа жүгінуге құқығы бар.

Жұмыстан шеттетілгеніне  2 жыл болса да, Айдос өзінің  танк бригадасына әлі де барып тұрады.  «Әділдік орнаса, әскери қызметімді әрі қарай жалғастыруға дайынмын»,- дейді. Алайда ол үшін, өзінің саулығын дәлелдеу оңай болмай тұр.

 

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу