Байқасаңыздар, соңғы кездері жүргізушілер жедел-жәрдем көлігін жолдан кедергісіз өткізіп жіберетін болған. Дей тұрғанмен, қаладағы көлік жүргізушілерінің арасында дегенінен қайтпайтын, дабылын қосып артынан келе жатқан медициналық көлікті елемегенсіп, әдейі жол бермейтіндер де аз емес көрінеді. Бүгін Әкімшілік полиция қызметкерлері сондай «қырсық» автокөлік иелеріне жол мәдениетін үйретіп, тәртіпке салу үшін рейдке шықты.
Бұл - Германия көшелеріндегі көрініс. Дабылын қосып келе жатқан жедел-жәрдем көлігі еш кедергісіз науқас адамға көмек көрсету үшін ұшып барады. Шет мемлекеттердің көбінде осы құбылыс.
Ал, мынау өткен жылы Алматыда болған оқиға. Жеңіл автокөлік иесі жедел-жәрдемді өткізбек түгілі, дабылдатып артынан келе жатқан медициналық көліктің жүргізушісін сабап тастады. Әкесіндей адамға қол жұмсаған түрік азаматы кейін кешірім сұрап құтылды.
Мұндай мысалдар аз емес. Жүгенсіз көлік иелерінің кесірінен көмекке асығып бара жатқан жедел-жәрдем көлігінің өзі апатқа ұшыраған жайттар да қаншама.
Елеусіз Есімов, қалалық медициналық жедел-жәрдем станциясының жол қауіпсіздік инженері:
Екі ай болды, жол апаты азайды. Былтыр 70-80 пайыз жол апаты көше қиылысында болды. Биыл бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қысқартылды.
Жедел-жәрдем көлігі күніне 2,5 мыңдай шақыруға шығады. «Кейбір жүргізушілер сигналдармен жүретін арнайы бригаданың біреуге көмекке асығып бара жатқанын елемейді», дейді мамандар. Мына жігіт те артынан ілесіп келе жатқан медицинадық көлікті өткізе қоймағандықтан, сазайын тартты. Яғни, айыппұлға ілінді. Мөлшері 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін.
Сымбат Шоқытаев, Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары:
Өткен жылы 29 көлік жүргізушісі әкімшілік жазаға тартылды. Оларға 7-ден 15 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынды. Бірінші рет ұсталса 17 мың, екінші рет 25 мың, үшінші рет тіркелсе, 38 мың теңге айыппұл салынады.
Рейдтің жарты күнінде жедел-жәрдем көлігіне жол бермеген 8 адамға хаттама толтырылды. Полиция қызметкерлері бір рет қомақты қаржы төлеген көлік иесі келесі жолы ережені бұзбайды деген сенімде. «Ең бастысы, олар сол әрекетінің өмір мен өлім арасында жатқан науқастың аяғына тұрып кетуіне сеп болатынын түсінсе екен», дейді мамандар.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ