Үшарал әуежайына Астанадан және Алматыдан тұрақты әуе кемелері қатынайтын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үшарал әуежайына Астанадан және Алматыдан тұрақты әуе кемелері қатынайтын болады

18.03.2019

Жер жаннаты Жетісу жақұттарының бірі - Алакөл. Елбасы халыққа жолдаған үндеуінде шипалы көлге туристерді көптеп тарту үшін лайықты жағдай жасап, кәсіпкерлерді инвестиция құюға шақырған еді. Ал, жергілікті билікке инфрақұрылымын ретке келтіруді міндеттеген болатын. Содан бері бірқатар оң өзгерістер байқалады. Тек былтырдың өзінде Алакөлдің оңтүстік жағалауына 1 млн-нан астам турист барған екен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл - шипалы көл. Қазақстандықтар осы жерге келіп демалу керек.

Осы бір үндеуден кейін айдынды көлдің Алматы облысы аумағында 1 млн-нан астам адам тынығып қайтты. Жаңадан 33 нысан іске қосылды. Кәсіпкерлер 2,5 млрд. теңге инвестиция тартты. Ал биыл, туристер саны 1 млн. 189 мыңға жуықтайды деген болжам бар.

Раушан Айнақұлова, «Жетісу Travel» туристік орталығының директоры:

2019 жылы 15 нысан іске қосылады деп күтіліп отыр. Инвестицияның жалпы сомасы 2,6 млрд. теңге.

Биыл Үшарал әуежайына Астанадан және Алматыдан тұрақты түрде әуе кемелері қатынайтын болады. Ол үшін республика бюджетінен 400 млн. теңгеден астам субсидия қарастырылды. Сондай-ақ, облыс ішінде де әуе тасымалы ұйымдастырылады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Талдықорғаннан Үшаралға енді осындай Л-410 ұшақтары қатынайтын болады. 19 орындық екі әуе кемесі жуырда ғана сатып алынды. Бірі ішкі рейстерді орындауға жоспарланса, екіншісін санитарлық авиацияға қолдану жоспарланған. 

Облыс басшылығы тағы осындай үш ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр. «Шомылу маусымы басталғанда ұшақтарға дамыл болмайды», дейді тасымалдаушы кәсіпорын басшылары.

Қалмұхамет Дөңсебаев, «Жетісу» әуе компаниясы» АҚ президенті:

Талдықорған әуежайынан сәуір айынан бастап Л-410 аптасына төрт рейстен бастайды. Мамыр айынан бастап Алматы-Үшарал-Алматы, Астана-Үшарал-Астана аптасына 6 реттен ұшады.

Бұдан бөлек, темір жол арқылы жолаушы тасымалдауға да қосымша қаржы қарастырылып отыр. Осылайша пойызбен Алматы, Астана және Шығыс  Қазақстанмен қатынас орнамақ.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу