Ұлтаралық келісім бойынша ғылыми жобалар іске асырылады. Бұл туралы Алматыда өткен алқалы жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев айтты.
Ол әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрааралық ғылыми білім беру орталығының ғалымдарымен кездесті. Оның сөзінше, жоғарғы оқу орындары Ассамблея үшін маңызды рөл атқарып отыр. Сондықтан, алдағы уақытта ұлтаралық жанжалдарды болдырмау, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту жолында жобалар қабылдап, зерттеулер жүргізу керек. Осы бағытта аталған орталықтың орны ерекше болмақ.
Гүлнар Насимова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚХА кафедрааралық ғылыми білім беру орталығының директоры:
Біз мәселелер бар екен деп қорықпауымыз керек. Біз бұл мәселелерді жасырмай, керісінше ғылыми тұрғыда жұмыс істеуіміз керек. Шетелден тәжірибе алуымыз қажет. Біздің тәжірибеміз жоқ деп айта алмаймыз, десек те, ол да аздық етеді.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ