Көптің көңілін күпті қылған тақылеттес тақырыптардың түйінін айтар сәт келді. Өкінішке орай, ата-анадан безген арсыз ұл-қыз барда, бөбегін тастай қашқан тасжүректер жер басып жүргенде қарттар үйі мен балалар үйі басы бүтін жойылмасы белгілі.
Қайтпек керек? Адам болғасын амалдаймыз. 2017 жылы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға арналға орталық құрылды. Оның жетімдер үйінен айырмашылығы, бала кез келген жағдайда жан-жақты әлеуметтік көмек түрін ала алады делінді.
Одан бөлек, 2016 жылы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Алматы, Астана қалаларында отбасын қолдау Орталықтары ашылды. Жалпы, қараусыз қалған қарияға, қамқорлыққа зәру бөбекке мемлекет қолдан келген көмегін жасауда. Оны жоққа шығарудан аулақпыз.
Алайда, мұның бәрі ет жақындарының қамқорлығына жетпейтіні ғана көңілге қаяу салады. Осы тақырыпқа орай ізденгенде қарттар үйінде тұрып қайтыс боп кеткен Мағауия есімді ақсақалдың өлеңін тауып алдық. Оқиын, тыңдаңыздар.
«Дүние-ай, қиын екен қартайғасын,
Қуаныш, қызықтарың ортайғасын.
Бауыр ет балаңдағы безіп кетер,
Қуарып қу ағаштай қалқайғасын.
Өмір-ай, қалтылдаған қайығы бар,
Қарттардың тек қартайған айыбы бар,
Бақтырған мұңлықтарды Үкіметке,
Көбінің үйде бала, зайыбы бар.
Жаратқан жан емес ем тілге ұста,
Батпай-ақ қойды-ау мынау күн де қысқа.
Кімге де ата-анасын бағу парыз,
Бұл сөзім болғай ұрпақ, елге нұсқа...».
Жанарымызды жас шыламай тұрғанда тізгінді Азамат Бейбітұлына тапсырамын.