2014 жылдың үздік тауарлары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2014 жылдың үздік тауарлары анықталды

21.06.2014
2014 жылдың үздік тауарлары анықталды
 
Отандық өнімнің бәсекеге қабілеттігін арттыру бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан, еліміздің әрбір өңірі индустриялдық бағытта қарқынды дамып, өз өнімдерімізді экспортқа шығаруда.
 
Бүгін сол кәсіп иелерінің еңбегі еленді. Алматы облысында өткен «Үздік тауарлар» көрмесінде 150 кәсіпорынның ішінен іріктелген 20-ға жуық озық тауар өндірушілер марапатталды. 
 
Жеңіл көліктен бастап, ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті аккумуляторды бұрынғыдай шетелден іздемейсің. Керісінше, «Барыс» брендіндегі отандық өнім өзімізде өндіріліп, шекара асып жатыр.
 
Өнімнің жылдық қуаттылығы 1,5 миллионнан асып жығылады. Экспорт көлемі бүгінде 60 пайызды құрады. Кәсіпорын бүгін өндірістік мақсаттағы үздік тауар өндіруші атанды.
 
Әлмеш Сарқұлов, «Қайнар-АКБ» ЖШС әкімшілік директоры:
Зауытта қазір ескі аккумуляторды өңдеуді іске қостық. Осы кейінгі екі жылдың ішінде 16-18 мың ескі аккумуляторларды толық жөндеуден өткізіп жатырмыз. Әр өнімнің сапасының жоғарылығы біздің өнеркәсібіміздің алға дамуына мүмкіндігін тигізеді. 
 
Ал, халық тұтынатын тауарларды әзірлейтін көрмеге қатысушылардың бірі - Еңбекшіқазақ ауданындағы тігін фабрикасы. Қорғаныс министрлігі мен ұлттық компанияларға арнайы киім тігеді. Жыл санап тапсырыс көлемі артып келеді. Сондықтан, тігін фабрикасы өнім көлемі мен ауқымын ұлғайтты.
 
Әсел Дайырбекова, «Арлан 777» тігін фабрикасының директоры:
Осыдан 6 жыл бұрын істі 10 адаммен бастадық. Қазір мемлекет қамқорлығымен жұмыс күші көбейді. 73 жұмысшы еңбек етіп, бәсекеге қабілетті өнімді нарыққа ұсынып отырмыз.
 
Серік Тұрдалиев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
Еуразиялық экономикалық одақ бойынша бәсеке артады. Біз барлық мекемелерге айтып жатырмыз. Енді үлкен сайыс болады, соған қатысу үшін жаңа технологияны пайдалану керек. Ол жаңа технологияны пайдалану үшін бірнеше жобалар бар. Арнайы гранттар және субсидиялар қарастырылған.
 
Алматы облысының өнеркәсіптік әлеуеті жоғары. Жеке өнеркәсіптердің саны бүгінде 1500-ге жеткен. Соңғы бес жылда өндірістің көлемі екі есеге артып, 579 миллиард теңгені құрады. Осы көрсеткішке тікелей атсалысқан үздік тауар өндірушілер желтоқсан айында Астанада өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу