Павлодарда әлеуметтік көмекшілер еңбекақыларын ала алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда әлеуметтік көмекшілер еңбекақыларын ала алмай отыр

15.03.2019

Мүгедектердің қараушысына берілетін қаржы екі айға кешіккен. Себебі мемлекеттік сатып алу заңы бойынша қаржыландыру жыл аяғында тоқтап, жаңа жылда тендер қайта өткізіліпті. Ал, оны ұтып алған мердігерге қатысты іс қазір сотқа жіберілді.

Любовь Нерябованың қан қысымы жоғары, екі көзі бірдей көрмейді. Ол 27 жыл теміржолда қызмет атқарған. 2006 жылдан бері кіріптар болып қалды. Сондықтан Татьяна бұл үйге күн құрғатпай келеді.

Татьяна Третьякова, әлеуметтік көмекші:

- Жұмысқа шығуға мәжбүр болдым. Себебі зейнетақы қорына төлем барып тұруы керек. Ол үшін ақша керек. Оның үстіне екі балам бар. Оларға киім-кешек, тамақ алу қажет. Сондықтан екі жаққа кезек жүгіріп жүрмін.

Павлодар қаласында 800-ге тарта әлеуметтік көмекші бар. Татьяна сияқты оларда екі ай еңбекақы алған жоқ. Осы уақыт аралығында өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандардың кейбірі қараусыз қалды.

Любовь Нерябова, І топтағы мүгедек:

- Олар бізді аяғаннан тастамайды. Татьяна маған жарты күн келмесе, халім мүшкіл болар еді. Себебі өздігімнен жүріп, асымды іше алмаймын. Менің одан басқа да машақатым көп қой.

Мүгедектердің қараушысына берілетін еңбекақы мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Соған сәйкес қаңтар айында Павлодар қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тендер өткізген. Мердігер компания да анықталды.

Құжаттарды заңдастыру үшін кемінде 10 күн қажет. Ал, жанашыры жоқ жандарды тастап кетуге дәті шыдамаған әлеуметтік қызметкерлердің тағы бір ай жалақысыз жұмыс істеуіне тура келеді.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу