Еңбек дауларының алдын алу жолдары қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек дауларының алдын алу жолдары қаралды

15.03.2019

Еліміздегі өндірістік кәсіпорындар ешқандай еңбек дауына жол бермеуі тиіс. Жұмыс орындарын қысқартпай сақтап қалып, керісінше жұмысшылардың жалақысын өсіруге мән беруі қажет. Ақтөбедегі жетекші кәсіпорындардың басшыларына Үкімет тарапынан осындай тапсырма жүктелді және бұл Қазақстандағы ірілі-ұсақты барлық өндіріс ошақтарына қатысты айтылды. «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмыс тобы осы өңірдегі ахуалмен танысты.

Соңғы уақытта 200-ден астам кәсіпорын жұмысшылардың жалақысын көтерген. Өндірістік мекемелердің жұмысы тұрақты, қызметкерлердің алдында қарыз емес екені мәлім болды. Еңбек құқығының сақталуы бойынша тексеріс жүргізіп, бірқатар мекемелерге ескерту жасалыпты. Кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтардың құқығы назардан тыс қалмауы керектігі тапсырылды. Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін одан әрі арттыру қажеттігі айтылды.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Бірінші кезекте, кәсіпорындар жұмысшылардың алдында қарыз болмасын. Ешқандай дау-дамайға жол бермеу керек. Инфляция деңгейін негізге ала отырып, жалақының да өсімін ескерген абзал. Елбасының тапсырмасына сәйкес, елімізде жаңа әлеуметтік бастамалар жүзеге асып жатқанын білесіздер. Әлеуметтік қолдау шараларына қосымша 2,3 трлн теңге бөлінуде. Сондықтан нәтижелі жұмыс істеп жатқан отандық кәсіпорындар да халықтың жағдайына қарайласып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне арттырғаны дұрыс. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға қолдау жасаңыздар. Олардың кәсіп үйренуіне, еңбекке араласуына мейлінше мән беруіміз қажет. Бұл тұрғыда соңғы 10 жылда Ақтөбе облысы жақсы көрсеткіштерге ие.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу