«Әлеуметтік қамқорлық». Қарағанды облысында арнайы мобильдік топ ауыл-аудандарға жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әлеуметтік қамқорлық». Қарағанды облысында арнайы мобильдік топ ауыл-аудандарға жол тартты

14.03.2019

Қарағанды облысында арнайы мобильдік топтар жасақталып, ауыл-аудандарға жол тартты. Олар әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды аралап, жәрдемақыларды төлеу тәртібін түсіндіріп жүр. Бұдан бөлек, әр үйдің әлеуметтік картасын түзеді.

Онда отбасының барлық мәселелері көрсетіледі. Сондай-ақ, әр қала, әр ауданда жергілікті билік тарапынан әлеуметтің әлеуетін арттыруға басымдылық беріледі. Осының арқасында көптеген отбасы әлеуметтік жәрдемдерге ілігіп, қуанышқа бөленіп отыр. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы сол өңірден.

Әсемгүл Жақыпова 7 баланың анасы. Алтын алқа иегері осыдан үш жыл бұрын баспанасыз жүрген еді. Телеарнаға шығып жанайқайын білдірген жалғызбасты анаға мешіттер мен кәсіпкерлер, қарапайым тұрғындар көмек қолын созған. Сөйтіп, үш бөлмелі үй салып берген еді. Міне қазір қуанышы еселеніп отыр. Балаларының құжатын жақында тапсырып, атаулы әлеуметтік көмекке ілікті.

Әсемгүл Жақыпова, Сұрыптау станциясының тұрғыны:

16 мың 100 теңге алып келгем барлық балаға. Енді кәмелеттік жасқа толмаған 4 балам бар. Сол 4 балама 21 мыңнан есептегенде 80 мың теңгеден асады. Қазір енді заңға сәйкес мектептерде тегін тамақтандырады деп жатыр. Екі балама 7 мың теңге төлейтінбіз. Енді осындай жеңілдіктер көрсетілсе ол да бізге үлкен көмек болады. 

Қазір өңірдегі 9 қала мен 9 ауданды жұмыспен қамту орталықтарының мобильдік топтары аралап, жұртқа әлеуметтік жәрдемақылардың төлену тәртібін ғана емес, кәсіп ашу, мамандық алу жолдарын да  тәтпіштеп түсіндіруде. Мобильдік топтардың бірімен облыс әкімінің өзі де шалғай ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті.

Насихат жұмыстарының нәтижесі жаман емес. Мәселен, Абай ауданында атаулы әлеуметтік көмекті бар-жоғы 15 отбасы алып келсе, енді олардың саны 300-ге жетеді. Бұл халыққа тұшымды ақпарат беруінің арқасында жүзеге асқан. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін басқа да мүмкіндіктер бар, -дейді мамандар.

Айгүл Сейфуллина, Абай аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Енді сол адамдарды шақырып, келіңіздер, осындай оқу бар бізде, кәсіптік оқу болады деп жатырмыз. Көпбалалы аналарға 500 мыңнан грант берейін деп жатыр ғой, қайтармайтын грант, соны түсіндіріп, сосын өз жұмысын ашу үшін, кредит алу үшін, соның барлығының жағдайын түсіндіріп жатырмыз.

Жақын арада облыс бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік картасы дайындалып, оларға жан-жақты көмек көрсетілетін болады.  Соның негізінде Әсемгүл сынды талай ананың тұрмысы жақсармақ. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу