Алдағы уақытта нан бағасы өзгеріп тұруы мүмкін, бірақ, әлеуметтік нан қымбаттамайды. Үкіметте брифинг өткізген Ауыл шаруашылығы министрі осылай деді. Соңғы уақытта ел арасындағы «нан бағасы күрт өседі екен» деген қауесетті Сапархан Омаров жоққа шығарды.
Тек жоғары сұрыпты ұннан пісірілетін өнімдер қымбаттады, ал әлеуметтік нан бағасы өзгеріссіз қалды, дейді министр. Айта кетейік, қазір әлеуметтік нан 75-78 теңгеден сатылып жатса, жоғары сұрыпты ұннан пісірілетін ас атасы кей аймақтарда 142 теңгеге дейін қымбаттап кеткен.
Өйткені, өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында бидай бағасы тоннасына 75 мың теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Осылайша, кәсіпорындар жоғары сұрыпты ұннан дайындалатын өнімдерді қымбаттатып, шығынға батпай үшін осындай қадамға барды, - дейді министр Сапархан Омаров.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Қазақстан, Орта Азия, Ирандағы және әлемдегі нарықта астықтың бағасының жоғарылауына байланысты болды. Бұған енді біз, бір жағынан, қуаныуымыз керек. Өйткені, біздің астық өндірушілеріміз өздерінің астығын жоғары бағамен сатып, қарыздарынан құтылып, көктемді жұмысты өткізуге бүгінгі күні қаражаттарын алып отыр.
Қазір еліміз бойынша 10,5 миллион тонна бидай қорда бар. Оның 3,7 миллион тоннасы - астық қабылдау кәсіпорындарында, ал ұн тартатын диірмендерде 460 мыңнан астам тонна жатыр. Сондықтан, астық тапшылығы да болмайды, - деп сендірді министр.
Альбина ӘШІМ