«Әлеуметтік қамқорлық» шараларын түсіндіру тобы БҚО-ға жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әлеуметтік қамқорлық» шараларын түсіндіру тобы БҚО-ға жұмыс сапарымен барды

13.03.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын түсіндіру тобы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Бүгін өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралап, халыққа көрсетіліп жатқан қызмет сапасымен танысты. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен кездесіп жаңа әлеуметтік бастамаларды түсіндіріп, көкейкесті сұрақтарына жауап берді.

Жоғары билік өкілдерімен кездесуге жүздеген адам жиналды. Олар осы Орал қаласының және алыс-жақын жерден жеткен аудандар мен ауыл тұрғындары. Әуелі «Әлеуметтік қамқорлық» шараларымен толыққанды танысты. Атаулы әлеуметтік көмек, жалақының өсімі, баспанамен қамту, кәсіпкерлікті қолдау туралы жаңа бастамалардың жаңалығы тәптіштеп түсіндірілді.

Данагүл Бектесова - көпбалалы ана. Бүгінгі жиынға кішкентай нәрестесімен келді. Жергілікті билік уақытша жатақхана беріпті. Баспана кезегін күтіп отыр екен. Баспананың тезірек берілуін және жәрдемақының өсімін сұрады.

Айта кетейік, атаулы әлеуметтік көмектің өлшемі ең төменгі күн көріс деңгейі 50 пайыздан 70 пайызға дейін артты. Соған сәйкес жәрдемақы мөлшері 20 789 теңгені құрайды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын отбасылардың жәрдемақысы 30 пайызға артып отыр. Енді оның көлемі 41 578 теңге болады. Жаңа әлеуметтік саясат тұрғын үй мәселесін де оңтайландырады. Атап айтқанда, 2 пайыздық жеңілдетілген тұрғын үй несиесі беріледі. Осы мақсаттарға мемлекет алдағы үш жылда 150 млрд теңге жұмсайды.

Қаныбек Жұмашев, «Nur Otan» партиясының идеология жөніндегі хатшысы:

- Қаржының тиімді жұмсалуын қадағалайтын боламыз.

Тұрғын үй мен жәрдемақыдан тыс денсаулық сақтау саласына да айрықша мән берілуде. Бұл бағыттағы бастамалармен батысқазақстандықтар жіті танысты.

Мәселен, вакциналар тізбегін кеңейтуге жұмсалатын шығындар екі есеге өсуде. Онкологиялық аурулардың алдын алу шығындары 2,5 есеге ұлғаймақ. Ал, автожолдарды салу, жетпеген жерлерге жеткізу және жөндеу, өңірлік дамудың бір бағыты. Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға арналған жоспарларды жұртшылық жаппай қолдады және оның мүлтіксіз орындаларына сенім білдірді.

 «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын түсіндіру үшін осы өңірге арнайы келген жұмыс тобы бірқатар мекемелерді де аралап шықты. Онда халыққа көрсетіліп жатқан қызметтің сапасымен танысты. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясымен бірігіп жергілікті тұрғындарды жекелеген мәселесі бойынша қабылдады. Бұл жерде де әрбір азаматтың өтініші мен айтқан мәселесіне айрықша мән беріліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Қазіргі уақытта жұмыс тобы облыстағы кәсіпорын басшыларымен кездесу өтуде.

 Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу