Павлодарда аудандық полиция бөлімі көпбалалы отбасын қамқорлыққа алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда аудандық полиция бөлімі көпбалалы отбасын қамқорлыққа алды

12.03.2019

Павлодарда аудандық полиция бөлімі көпбалалы отбасын қамқорлыққа алды. Аймақта отбасылардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын анықтап, зерттеу мақсатында арнайы дерекқор құрылған. Құқық қорғаушылар сондағы тізімнен баласы  көп және жағдайы төмен отбасыны таңдап алып, көмек қолын созған. 

Айнагүл Қосмағанбетова алты баланы бір өзі асырап отырған жалғызілікті ана. Павлодарға мемлекеттік ішкі қоныс бағдарламасы бойынша Маңғыстаудан көшіп келді. Қазір Красноармейка ауылында тұрып жатыр. Берілген 800 мың теңге жәрдемақыға үй сатып алды. Кешелі бері керек-жарағы да түгенделіп қалды.

Айнагүл Қосмағанбетова, көпбалалы ана:

Алты баламен көшіп келдік осы  Павлодар облысына. Павлодар аудандық ішкі істер бөлімі  көмектесіп отыр. Тоңазытқышымыз жоқ еді, алып берді. Балаларға көмек жасады, көптеген тәттілер, ойыншықтарын, киімдерін алып келіп. Сосын азық-түлік алып келді. Бірінші келіп көріп кетті жағдайымызды.

Әзірге бұл отбасында балаларға берілетін жәрдемақыдан өзге еш кіріс жоқ. Сондықтан, полиция бөлімі Айнагүл Қосмағанбетоваға балалары ширағанша қамқорлық көрсететін болды.

Марат Рахимов, Павлодар аудандық полиция бөлімінің бастығы:

Жоспарымыз бар, теледидар алып беріп, басқа да қажет заттарын әкелуге. Үйдің ішін қарадық. От жағатын пешті ауыстыру керек екен. Ертеңнен бастап соған кірісеміз. Бұл отбасына біздің тарапымыздан үнемі көмек жасалып отырады.

Павлодар облысындағы көпбалалы отбасылар тізімін Людмила Москалец бастап тұр. Ол жақында дүниеге 14-ші сәбиін әкелді. 9 қыз, 5 ұл өсіріп отырған ананың жасы 40-та. Балаларының үлкені 20-ға енді толды.

Людмила Москалец, көпбалалы ана:

Біз барлық баланы жақсы көреміз. Әсіресе, кейінгілері туғанда ерекше қуандық. Бәлкім, бұған кейбіреулер сенбес.  Әрине, мен үшін, әкелері үшін және ересек аға, әпкелері үшін қиындықтар туындауы мүмкін. Бірақ, әр баланың өз ырыздығы бар.

Соның бірі мемлекет тарапынан жасалатын көмек. Көпбалалы отбасыларға берілетін көтерме жәрдемақыдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті де алып жатырмыз. Бір әттеген-айы, «Алтын алқа» екінші рет берілмейді, өйтпегенде екі мәрте «Батыр ана» атанар едім,-дейді Людмила Москалец.

Болат АМАНБАЕВ     

Хабарламаларға жазылу