Су сұрамаған ауыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су сұрамаған ауыл

12.03.2019

Алматы облысы, Шолақөзек ауылының тұрғындары мемлекет қаржысы мақсатсыз жұмсалып жатыр, дейді. Небәрі 30-ға жуық түтіні бар елді мекенге мемлекеттік бағдарлама аясында ауыз су тартылмақ. Жоба құны 30 млн теңге. Алайда, ауылдағы ағайын тіршілік нәрінен тарылып отырған жоқ.

Сондықтан, қазына қаржысын шығындап су тартқанша, алқаптарға арық шығарып, суармалы жерді игеруге көмектессе, дейді. Шолақөзектіктермен дидарласып қайтқан тілшіміз Қуаныш Қанатұлы тақырыпты толықтырады.

Бұл ауылға су 1972 жылы берілген. Тіршілік көзі 300 метр тереңдіктен артезиан қайнарларынан алынып, үй-үйге тартылыпты. Қазір су қысы-жазы тоқтаусыз ағып тұр. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

28 ғана түтіні бар ауыл тұрғындары бізге осы артезиан құдығын жөндеп берсе жетіп жатыр,- дейді. Себебі малмен ғана жан бағып отырған халыққа ауыз судан гөрі суармалы алқаптарды қалпына келтіру әлде қайда маңыздырақ.

Оразғали Далдабеков, ауыл тұрғыны:

Арық суын әкеліп берсе. 20 жылдан артық болып кетті. Ауылға су келмейді. Қызылша себейік десек су жоқ.

Анар Тұрымова, ауыл тұрғыны:

Өзімізде су болып тұрса неге бізге су тартып береді? Ол артық шығын деп ойлаймын Үкіметке.

Бірақ, жергілікті билік бұл су құбырларын жаңартқанша жаңа жүйе тартып берген дұрыс деп шешкен. 30 млн теңге қаржы бөлініп алғашқы жұмыстар былтыр басталған. Ауыл шетінде жатқан су мұнарасының бөлшектері соның дәлелі.

Нұрқуат Кәкімбаев, Ақсу ауылдық округінің әкімі:

Жобалаушылар келіп көрді бұл жерге. Жоба жасады. Мемлекеттік экспертизадан өтті. Қараша айында жұмыс бітеді.

Қазір жер астынан шығып жатқан суға тұрғындар ештеңе төлемейді. Жаңа су жүйесі тартылғаннан кейін қорадағы малға да, үйдегі жанға да қаржы төлеу мәселе туындағалы тұр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу