Жас әкім ауылға жаңа серпін әкелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас әкім ауылға жаңа серпін әкелді

11.03.2019

«Болашақ» бағдарламасының түлегі - түкпірдегі ауылдардың бірінде тұрып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы, Уалиханов ауданы, Қайрат ауылының әкімі Ержан Бітниев сонау Ұлыбританияда алған білімі мен тәжірибесін туған жерін түлетуге жұмсамақ.

Ержан Бітниевтің туған топырағы осы. Білімді жас мектепті тәмәмдаған соң, Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде оқыған. Мәдениет және спорт министрлігінде еңбек етті. Кейін «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алды. Елге оралғанына 2 жыл толды.

Ержан Бітниев, Қайрат ауылдық округінің әкімі:

- Бәрі еңбек етіп, кәсіп ашып, соны дөңгелетсе деп ойлаймын. Мына тазалықтан да басталады бәрі. Шет елдерде бәрі таза, халық ұқыпты қарайды бәріне.

Жас келсе іске. Ауылдастарының тұрмысы мен әл-ауқатын түзеудің амал-тәсілдерін көпшілікке түсіндіріп, жұдырықтай жұмылдыра білді.

Ержанның іскерлігіне ауылдастары тәнті. Ауылда мал шаруашылығына шыр бітіп, жылқы саны 553, сиыр 1562-ге жетті. Осының арқасында 38 жұмыс орны ашылды. «Болашақ» түлегі ауылының одан әрі өсіп-өркендеуіне күш салмақ.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу