Жамбыл облысында көпбалалы 60 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында көпбалалы 60 отбасы баспаналы болды

11.03.2019

Жаңатас қаласында көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылып, әлеуметтік аз қамтылғандар мен көпбалалы отбасыларға берілді. Бұл үйлер шағын шаһарда тоқырау жылдары иесіз бос қалған еді. Мемлекет оларды кезекпен жөндеп, ел игілігіне жаратып жатыр.

Бүгін бес баланың анасы Айнаш Бейімбетованың қуанышында шек жоқ. Ол 7 жыл бұрын кезекке тұрып, жалдамалы пәтерді паналап келді. Биыл мереке қарсаңында пәтер кілтіне қол жеткізгені көпбалалы ана үшін тосын сый болды.

Қазір аймақ бойынша 24 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Сондықтан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша былтыр 1673 пәтер пайдаға беріліп, 4 мыңнан астам жер учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық желілер тартылды. «Биыл мұндай жұмыстар екі есе жанданады»,- дейді мамандар.

Бекболат Орынбеков, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 29 үй беріледі.

Сарысу ауданының тұрғындары үшін бұл мерекелік сый болды. Қайта жаңғыртудан өткен үй баспанаға аса мұқтаж жандарға арендалық тұрғын үй ретінде беріліп отыр. Баспаналы болғандардың тізімін аудандық тұрғын үй комиссиясы зерттеп, баспанаға қатты мұқтаж аналарды анықтаған.

Аймақта аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына арнайы 10 жатақхана салынбақ. Оның алтауының құрылысы биыл басталады. Таразда үшеуі, қалғандары Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларында бой көтереді. Онда баспанаға кезекте тұрған 400-ге жуық отбасы өз кезегі келгенге дейін паналайтын болады.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу