Ақмола облысында көпбалалы отбасыларға қосымша әлеуметтік көмек көрсетілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында көпбалалы отбасыларға қосымша әлеуметтік көмек көрсетілмек

11.03.2019

Ол үшін облыстық бюджет шығындарын оңтайландыру есебінен 700 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат мектептерде тегін тамақтандыруға, жолақы шығындарын өтеуге, балаларды жаңа оқу жылына дайындауға және жер үйлерге улы газ бен түтін деңгейін анықтайтын құрылғыларды орнатуға жұмсалмақ.

Бүгінде аймақта көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 17 мыңнан астам отбасы бар. Мамандардың айтуынша, олардың 7 мыңнан астамына көрсетілетін көмекті жетілдіру қажет. Қазір бұл бағытта жұмыс істейтін, тұрғындардың өтініш тілектерін қабылдайтын арнайы жұмыс тобы құрылған. Сондай-ақ, биыл жергілікті атқарушы билік пен өңірлік ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп көпбалалы аналардың кәсіп ашуына жәрдемдеспек.

Ботагөз Ахметова, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:

- Облыстық бюджеттен қосымша бөлінген қаражат есебінен 12 мыңнан аса оқушы тегін тамақпен қамтылады, көпбалалы 100-ден аса ана мен 5 мыңға жуық оқушы үшін жолақы тегін болады. Сонымен қатар 317 миллион теңге балаларға мектеп формасын алып беруге жұмсалады. Ал, көмекке аса зәру жандарға 43,8 миллион теңге көлемінде бір реттік көмек көрсетілмек.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу