60-ыншы жылдары салынған ғимарат әбден ескірген. Жергілікті әкімдіктен қолдау таппаған үй иелері Бұқаралық ақпарат құралдарынан жәрдем сұрады. «Жаңа баспана берілмесе немесе қазіргісі күрделі жөндеуден өтпесе, қирандының астында қаламыз»,- деп алаңдап отыр олар.
Гауһар Ахметова қала орталығындағы мына 4 қабатты үйде 30 жылдан бері тұрады. Ғимарат бүгінде апатты жағдайда тұр. Қабырғалары қақырап, шатырлары шытынаған. Бөлменің ішін көк басқан.
Гауһар Ахметова, тұрғын:
- Арматура көрініп тұр, құлайын деп тұр. Көмек болса дейміз.
100 пәтерлік баспана 60-ыншы жылдары салынған. Алайда, кезінде үйдің құжаттары жоғалып кетіп, жаңа паспортта 1973 жылғы деп көрсетілген. Соның салдарынан да, бұл ғимарат сүрілетін үйлердің қатарына қосылмай келеді.
2 күн бұрын үйдің кірпіші құлап қалды. Абырой болғанда, ешкім жарақат алған жоқ. Сырты сұрықсыз болғанымен, ұятқа тырысқан тұрғындар там-тұмдап жиған нәпақаларын жыл сайын пәтерлерінің жөндеуіне жұмсап келеді.
20 жыл бұрын үйдің 60 пайызы тозығы жеткен болса, екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 3 пайызға азайып, үй, тіпті, жасарып та кеткен. Тұрғындар жергілікті әкімдікке сан мәрте барғандарын да айтты. Бүгін жергілікті билік өкілдерінің есігін тағы қақтық.
Досхан Тұяқбаев, Қала әкімі орынбасарының көмекшісі:
- Аудан әкімі бұл кісілерге жауабын хабарлап айтады. Нақты күнін айта алмаймын. Аудан әкімі өзі хабарласады.
Осындай жауапты үй иелері 10 жылдан бері естіп келеді екен. Бұл жолғы жауапқа да тұрғындар аса сенбейді. Алайда, әрі қарай биліктен көмек сұрауға ниетті.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ