Елдің анасы, ұрпақтың панасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдің анасы, ұрпақтың панасы

07.03.2019

Бұл Дәмелі әжеге арналып отыр. Себебі ашаршылықтан, соғыс жылдарындағы қиындықтан қайсарлықпен аман қалды. Жастайынан жесір қалса да, 7 ұл, 1 қызына жоғары білім берді, тәрбиеледі, адам қатарына қосты. Қазір балаларының дені жоғары қызметте. Ал, Ақтамберді жыраудың әулетіне келін болып түскен Дәмелі әже 23 немере мен 23 шөберенің қызығын көріп отыр.

Бұл – 90 жастағы Дәмелі әже. Қазақстанның халық жазушысы, дүйім елдің құрметтісі болған Әзілхан Нұршайықовқа балдыз болып келеді. Жезде деп ретімен қалжың да айтатын.

Үлкен кісі киелі Шыңғыстаудың Құндызды өңірінде дүниеге келді. 1948 жылы қазақ тарихындағы орны ерек Ақтамберді жыраудан тараған әулетке келін болып түсті, құт болып кірді. Себебі осы отбасында өсіп-өнді, көпке танылды. Дәмелі апа зейнетке шыққанша сауда саласында жүрді. 8 балаға ардақты ана бола білді.

Дәмелі әже 45 жасында асыраушысынан айырылды. Бірақ балаларын ешкімнен кем қылмады. Бақты, қақты. Бәрі жақсы тәрбие алды, мектепте үздік оқыды. Талмас талаптарының арқасында еш сүйреусіз жоғары білім алып, әр саланың тізгінін ұстады. Арттарынан жаман сөз ерген жоқ.

Айгүл Мүсәпірбекова, қызы:

- Анам мен үшін бүкіл әлем. Ол - менің өмірім. Ол ауырмай, әрі-бері жүріп жүргені - мен үшін үлкен қуаныш. Ол кісі өте мықты адам. Қайсар жан. Оның айтқан әр сөзі біз үшін заң. Айтқанын қалтқысыз орындаймыз.

Бүгінде ұл ұяда, қыз қияда. Немересінің алды Мырзаға атасы Жантұяқтың ерні тиген. Сол мырза бастаған үшінші ұрпақ Дәмелі апаға енді шөбере сүйгізіп отыр. Меккеге қажылық сапармен барып қайтқан әженің ендігі тілегі – елінің амандығы, ұрпақтарының бақыты.

Туыс-туғанның бәріне еңбекпен, бауырмалдықпен, аналық ақ ниетпен үлгі көрсетіп келеді. Тоқсанға толса да әлі тың. Тазалық пен тиянақтылық, тәртіп пен талғамның өлшемі іспетті. Алланың ұзақ ғұмырын бей-берекет кетірмей, ұрпақ тәрбиесіне, ел бірлігіне арнаған ана көпке үлгі, құрметке лайық.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу