Қыз-келіншектер таксимен тегін жүру мүмкіндігіне ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қыз-келіншектер таксимен тегін жүру мүмкіндігіне ие болды

07.03.2019

Ақтөбе облысында ауыл әкімі қыз-келіншектерге тосынсый әзірледі. Кәсіпкерлермен келісіп, 7-8 наурыз күндері әйелдерге таксиде тегін жүруге жағдай жасады. Сондай-ақ, ауылдағы монша мен шаштараз қызметі де нәзік жандыларға тегін. Ал, ай соңына дейін бұл нысандарда 50 пайыздық жеңілдік сақталады.

Мәртөк ауданына қарасты Қаратоғай деп аталатын бұл ауылда 2000-ға жуық адам тұрады. Тұрғындарды аудан мен облыс орталығына тасымалдаумен үш кәсіпкер айналысады. Барлығы 30-ға жуық такси қызмет көрсетеді. Олар мереке қарсаңында әйелдерге тосынсый жасау идеясын қуана қолдапты.

Біржан Әбдірешов, такси жүргізушісі:

- Аналар мерекесін осылай атап өтпекпіз. Халық жақсы қабылдап жатыр. Алғыстарын айтып жатыр.

Ауылдағы акцияны әсемдік салонының иесі Ерлан Тобағұлов та қуана қолдаған. Бұған дейін тұрғындардың шашын екі күн бойы тегін қиып берсе, бүгіннен бастап 50 пайыздық жеңілдік жасап отыр. «Аналарға деген құрметімізді ай соңына дейін көрсетеміз»,- дейді ол.

Ерлан Тобағұлов, сұлулық салонының иесі:

- Шара мұнымен тоқтап қалмай, бүкіл ауылдық жерлерде жалғасса, жақсы болар еді.

Алтыншаш Еламанова, Қаратоғай ауылының тұрғыны:

- Аналарға арналған акция өте тамаша ұйымдастырылған. Біздің қуанышымызда шек жоқ.

Ауылдың қыз-келіншектері ер азаматтар жасаған тосынсыйды барынша пайдаланып қалып жатыр. Шаштарын сәндеуге кезекке тұрғандар мен қалаға қатынаушылар күрт көбейген.

Қуанышбек Серікжанов, Қаратоғай ауылдық округінің әкімі:

- Осындай идея тастадық. «Ардақтайық ананы!» деген акцияны бастадық. Осы акция аясында азаматтарға үндеу тастаған болатынбыз.

Ауылда бүгін мерекелік кеш те ұйымдастырылды. Белсенді әйелдер алғыс хаттармен марапатталды. Жүздеріне мейірім тұнған аналар көңілдері көтеріліп, үйлеріне гүл құшақтап қайтты.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу