Қарағанды облысының Абай ауданында атаулы әлеуметтік көмекті қазір бар-жоғы 15 отбасы алатын болса, 1 шілдеден бастап олардың саны 300-ге жуықтайды. Себебі Елбасының тапсырмасына сәйкес, көпбалалы аналарға берілетін көмектің шарттары өзгерді. Мәселен, «Алтын алқа» мен «Күміс алқаға» және мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы, шәкіртақы бұрын отбасының кірісі болып есептелсе, енді ол табыс көзі болып саналмайды. Осылайша қаншама адам әлеуметтік көмекке ілігіп отыр.
Бұған қоса, кәсіп ашамын деген аналарға қайтарымсыз гранттар үлестірілмек. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осы және басқа да жеңілдіктер жайлы халыққа жан-жақты түсіндіру үшін жылжымалы жұмыс тобы жолға шықты. Қазір мамандар ауданға қарасты 15 ауылды аралап, 10 мыңдай тұрғыны бар Топар кентіне жетті. Олар үй-үйге кіріп, аналарға тұшымды ақпарат бермек.
Айгүл Сейфуллина, Абай аудандық Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Қазіргі таңда әлеуметтік көмекті 200 адам алса, келесіде 2 мың адам алады деп күтіп отырмыз.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ