Түркістан облысында бірнеше ауыл көмір жағып күнелтуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында бірнеше ауыл көмір жағып күнелтуге мәжбүр

06.03.2019

Түркістан облысы Төле би ауданындағы Ұзынарық, Алшалы, Диқанкөл ауылының жұрты әлі күнге көмір тасып, күл шығарудың азабынан құтыла алмай келеді. Төңіректегі өзге елді мекеннің барлығы әлдеқашан көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Іргедегі ауылдастарының жайлы өміріне қызыға қарайтын тұрғындар өздерінің неліктен өгейдің күйін кешіп отырғанына налиды. 

Бала мен келін күн ұзақ жұмыста болғандықтан, жасы алпысты алқымдаған ана көмірді үйге өзі тасиды. Таң атпай күл шығарады. Содан іңір қараңғысына дейін от жағудың машақаты. Аядай бөлмедегі жалғыз пеш –көпбалалы отбасының тіршілік тірегі. Соның арқасында үй жылиды. Қазан асылады. Шай да осында қайнайды.

Дүрия Қозыкеева, ауыл тұрғыны:

- Көрген күніміз осы. Газ жоқ, елдің бәрінде бар, бізде жоқ. Азанда күлді бір шығарамыз. Кешке бір шығарамыз. Алған көміріміз міне, жөнді жанбайды. Түтін шығады. Уланып өлуге сәл-ақ қап тұрамыз.

Бір ғана Ұзынарық ауылындағы 200-дей шаңырақтың қыс бойғы азабы осы. Үй ыс сасиды. От жаққанның беті-қолы күйелеш. Таудың етегіне жайғасқандықтан ауылда қыс ұзақ. Соған қас қылғандай көмір бағасы да көктемге қарай шарықтап кетеді.

Мейірхан Бөрібеков, ауыл тұрғыны:

- Бізде 6 ай қыс. Өйткені, тауға жақын тұрамыз. 6 ай бойы көмір жағамыз. Көмірдің бағасы да қымбат. Жұрттың көбінің қалтасы көтермейді.

Жұмабай Беков, ауыл тұрғыны:

- 10, 5 тонна.  одан кем ешкім көмір жақпайды. Ол ада болса, қыста өзіміз тасимыз. Қазір көмірдің тоннасы 21-22 мың теңге. Амал жоқ, оны да әкеліп жатырмыз. Ауылымызда жұмыс жоқ. Жастардың  бәрі безіп кеткен. Соларға қарап отырамыз. Солар сырттан ақша әкелсе аламыз. Әкелмесе, ағаш жағып отырамыз.

Жұрттың жанайқайынан соң ауылдарға табиғи газ желісін тартудың құрылыс-жобалау құжаттары әзірленді. Облыстағы салалық басқарманың мақұлдауынан кейін жуырда Энергетика министрлігіне жолданған.  

Нұрлан Оспанов, Төле би ауданы әкімдігі ТҮКШ және Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Жобалық-сметалық құжаттамаларының бүгінгі күнге оң сараптамасы алынып, 552 млн. теңгені құрап отыр. 2019 жылы қаржы бөлінген жағдайда газ құрылысы басталады.

Жалпы, Төле би ауданында әлі 9 елді мекен газға қол жеткізе алмай отыр. Жергілікті биліктің жоспары бойынша келер жылдың соңына дейін бұл елді мекендердің барлығында газ құбырын  тарту жұмысы  басталады. Осылайша, 2020 жылы аудандағы барлық 56 ауыл тұтастай көгілдір отынның игілігін көрмек.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу