Астанада жаңа әлеуметтік жоба жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жаңа әлеуметтік жоба жұмысын бастады

06.03.2019

Астанада жаңа әлеуметтік жоба жұмысын бастады. Ол аз қамтылған, жағдайы төмен және көпбалалы аналарды қолдауға бағытталған. Игі бастаманың жүзеге асырылуына Қазақстандағы АҚШ елшілігі жәрдемдесті.

Ляззат Алшынова әлеуметтік шеберхана ашуды былтырдан бастап жоспарлаған. Құжат жинап, ғимарат іздеді, кейін оның ішін жабдықтады. Нәтижесінде өмірдің қиын жағдайына тап болған әйелдерді жұмыспен қамтитын орталық ашылды. Шеберханаға қыз-келіншектер келіп, іс тігу, кәдесый дайындау, үй жабдықтау дизайынын меңгере алады.

Ляззат Алшынова, «Замандас 21» қоғамдық қорының негізін қалаушы:

-Сөйлескенде жұмыс істегіміз келеді, бірақ жұмыс табу өте қиын деп айтатын. Өйткені, баламыз көп деп алмайтын. Сұрақ көп болған соң әйел ретінде қандай көмек жасауға болатынын ойландым. Әйелдерге көмектесу идеясын қолға алдым.

Әзірге орталықта 7 әйел жұмыс істейді. Бұдан басқа, 15 келіншек арнайы сабақтан өткен. Әрқайсысының тағдыры әр қилы. Бірақ, олар өмірдің қиындығына мойымай, отбасы, балалары үшін жаңа істі меңгеруге әзір. Мұнда қызметкерлерге ыңғайлы жұмыс кестесі де дайындалған. Орталыққа келушілер психологиялық  көмек ала алады.

Гүлсан Түсіпова, әлеуметтік шеберхана қызметкері:

- Бұрын мұндай іспен айналыспап едім, қазір тігуді үйрендім, ақврындап тігіп жатырмыз. Үйде құр отырғанша, жұмыс істеп, жаңа іс бастағым келіп, соны бастадым. Болашақта тапсырыстар алып, ақша табамыз деп ойлаймыз.

Шеберхана заманауи құрылғылармен жабдықталған. Әр бұйым дизайнерлік сипатта жасалады. Келешекте оралық қызметкерлері  арнайы тапсырыспен киім тігуді де жоспарлап отыр. Осылайша, Ляззат Алшынова бір әлеуметтік жоба арқылы ондаған отбасыға көмек көрсетіп, жүздеген анаға өзін жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу