Батыс Қазақстан облысында бірнеше ауыл қар құрсауында қалды. Әсіресе, елді мекеннен облыс, аудан орталығына жету қиын.
Соңғы күндері жауған қар мен үдеген бораннан жолдар тазаланып үлгермей жатыр. Әсіресе, Тасқала ауданының Атамекен, Мереке, Оян, Шежін, Ақтау, Амангелді ауылдарында жағдай қиын. 1Дүкендерде азық-түлік таусылып жатыр1, - дейді тұрғындар. Ал аудан әкімдігі кеше боран сәл басылғанда ауылдарға жол ашылғанын айтуда. Алайда, бүгін жел қайта күшейіп, күн райы суытты. Өңірде дауылды ескерту жарияланды.
Алдияр Халелов, Тасқала ауданының әкімі:
- 28 елді мекеннің 20-сында жол ашылды. Бірақ қазір далада боран соғып тұр. Азық-түлік туралы бәріне алдын ала айттық. «Осындай жағдайларда екі айға дейін қор жасаңдар», дедік. Енді табиғи құбылыс қой. Оған қарсы келе алмаймыз. Жалпы, 4 «К-700», 2 автогрейдер бар. Солардың бәрі жұмыс істеп жатыр.
Арадқ МҰРАТҚЫЗЫ