Ауызсудың азабын тартқан ауыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауызсудың азабын тартқан ауыл

05.03.2019

Ауызсудың бір литрін 3 теңгеден сатып алады. Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына қарасты Тораңғылық ауылының тұрғындары жылдар бойы мөлдір суға зәру. Мемлекеттік бағдарламамен елді мекенге екі мәрте су тарту жұмыстары жүргізілгенімен еш нәтиже жоқ. Алдымен орнатылғанына бір жыл толмаған су тұщыту қондырғысы істен шыққан. Кейін жаңадан құбырлар тартылып, оны қондырғыға қайта қосу кезінде резервуарды толтыруға қысым жетпеген. Әу баста ойластырылып жасалмаған шалағай шаруаның зардабын енді халық тартып отыр.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Тораңғылық ауылында су тарту жұмыстары қолға алынған болатын. Мемлекеттік бағдарлама арқылы миллиондар бөлінген жоба аяқсыз қалған. «Ауызсумен қамту туралы «ертегінің» естелігіндей тек ашық-шашық құдықтар ғана қалды»,-дейді тұрғындар. Оларды амалдап былай белгілеп қойған. Мәселен, мына құдық тура мектептің жанында.

Ауылда ауызсу проблемасы 90-шы жылдардың орта тұсынан бері шешілмей келеді. Қазір ішер су аптасына бір мәрте Балқаштан тасымалданады. Оның өзін жекеменшік көлігімен жеткізетіндер әр литрін 3 теңгеден сатады.

Гүлжан Мұхтархан, ауыл тұрғыны:

- Суды бізге 25 шақырымнан Балқаштан әкеліп құяды. Водовоз келеді аптасына. Литрін 3 теңгеден аламыз. 2018 жылы бізде аудан әкімінің есебі болды. Сонда Тораңғылық ауылы ауызсумен қамтылған деген есеп берілді. Алайда су мәселесі әлі шешілген жоқ.

Ал, шаруашылыққа жұрт суды іргедегі Балқаш көлінен алады. Қазір көктем, мұз жұқарған уақыт болғандықтан онда бару қауіпті. 2011 жылы дәл осы жағалауға 11 миллион теңгенің су тұщыту қондырғысы орнатылған. Алайда, маңайы толған демалыс орындары болғандықтан оның суын ішуге мүлде келмейді. Ел шомылады, жағаны ластайды. Бұған қоса су тұщыту қондырғысы жылға жетпей істен шығып қалған.

Зура Тоқсанқызы, ауыл тұрғыны:

- Ал, енді жазғы уақытта аздаған еңбек етейін десең, су мәселесі тіпті қиын. Бақша деген жоқ. Көлдің жағасы болған соң, әйтеуір еңбек етіп, үйлер салып соған адам кіргіземіз. Оның өзіне судың жоқтығы бөгет.

2017 жылы ауылға су тарту жұмыстары «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 77 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп тағы қолға алынған болатын. Құбырлар елді мекен ішіне тартылған. Ары қарай жұмыс аяқсыз қалыпты. Бұған қоса су тұщыту алып резервуарды толтыруға қауқарсыз.

Қалыбек Адамбаев, Тораңғылық ауылдық окруігінің әкімі:

- Су мұнарасы төменгі жақта, ауыл 10 метрге биік жатыр. Енді оған су жіберу үшін бәленшеме насостар қоюымыз керек. Оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Анау су мұнарасы 50 текше метрлік.

Оның үстіне жердің қыртысы тастақ, құбыр тартуға келмейді. Сол себепті ертеректе су 25 шақырымдағы Балқаш қаласынан келіп тұрған. Әу баста жобалау-сметалық құжатта кеткен қателіктер мен мердігерлік компанияның жауапсыздығынан ауызсу мәселесі шешілмей отыр. «Дұрыс қадағалау жасамаған аудан мен жергілікті билік өкілдерінің де кінәсі бар»,-дейді тұрғындар. Енді ауылды ауызсумен қамту үшін тағы қосымша қаражат қажет.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу