Іскер әйелдер мемлекеттің көмегімен кәсібін дөңгелетіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Іскер әйелдер мемлекеттің көмегімен кәсібін дөңгелетіп отыр

05.03.2019

Алматы облысында 56 мың әйел кәсіпкерлік субъектісін басқарады. Бұл - аймақтағы жалпы бизнестің 42 пайызы. Және бұл сан жылдан жылға еселеніп келеді. Әсіресе, халыққа қызмет көрсету саласында қыз-келіншектердің төзімділігі және іскерлігі басымырақ. Ал, мемлекеттік бағдарламалар олардың армандарына қанат бітіріп, мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы бастау-бизнес жобасы аясында 1,5 мың жұмыссыз әйел бизнес ханым атанды.

Гульчихра Құрбанова былтыр ғана Шонжы ауылындағы жалданбалы жұмысшы ретінде көптеген сән салондарының табалдырығын тоздырып жүрді. Ойлана келе өз кәсібін ашуға бел буды. Бизнес-бастау курстарын аяқтап, жеңілдетілген несие алып, өзінің сұлулық салонын ашты. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, ауыл қыздарын ажарлы етуге үлес қосуда.

Дәл осы Шонжы ауылында Рина Сайдуллаева өз мейрамханасын былтыр ғана ашты. Ол да арнайы курстардан кәсіпкерліктің қыр сырын меңгеріп, 9 млн теңге көлемінде несие алды. Қиялына ерік беріп, мейрамханасын безендіріп, халықтың көңілінен шығуға тырысып бағуда. «Бәсекелі ортада батылдық керек»,-дейді қоғамдық тамақтану саласында тәуекелге бел буған әйел.

Рина Сайдуллаева, кәсіпкер:

- Аудан орталығында болсақ та бұл жерде бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан үнемі ізденіс үстінде жүреміз. Бұл сала өзінің жаңашылдығымен қызық. Жаңа адамдармен танысасың. Тамақтану саласындағы жаңалықтар бізді бір орында қалдырмай, қамшылап отырады.

Ұйғыр ауданы бойынша «Бизнес бастау» жобасымен 250 адам арнайы курстарда оқып шықты. Олардың 60-ы несие алып, өз кәсібін бастады. Биыл Жастар жылы аясында олардың қатары арта түспек.

Дулат Сауырбеков, «Бастау» жобасының бизнес тренері:

- Жастар бағдарламасы қазір жасалып жатыр. Ол негізі ІІ жартыжылдықта жүзеге асады. Сол бағдарламада үш кезең деп есептеп отырмыз. 150-200 жасты оқытып, оның индикаторы бар. 20 пайызына дейін кәсіпкерлік ашу. Сол 60 адамдай жоспарда бар.

Биылғы жылы жоба аясында кәсіп бастаймын дегендердің басым бөлігі - қыз-келіншектер. Жетісулық бизнес ханшайымдар өз ісін дөңгелетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге де айтарлықтай үлес қосып келеді.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу