Мал шаруашылығының машақаты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мал шаруашылығының машақаты

05.03.2019

Мал бағудың машақаты көбейіп барады. Қостанай облысында асылтұқымды түлік өсіріп отырған шаруа осылай дейді. Айтуынша, Үкімет тарапынан көрсетілетін көмекті жүзеге асырудың түйткілді тұстары көп.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Қазір мына жерде 600 бас аналық бар. Шаруа оған 24 еділбай тұқымды қошқар қосып отыр. Еділбай тұқымының ерекшелігі - дұрыстап бақсаңыз, ересектерінің тірідей алмағы 150 келіге дейін жетеді. Яғни, сойғанда 75 келі таза ет береді.

Бұл - Әулиекөл ауданындағы Джафар Юнусовтың отары. Мұнша қойдың бәрін былтыр 20 млн теңге жеңілдетілген несиеге сатып алған. Асылтұқымды еділбай қошқарларын Ақтөбе облысынан әкелді. Аналықтың әр басына 1,5 теңгеден, әр қошқарға 8,5 мың теңгеден субсидия төленеді. Алайда, шаруаны мазалаған мәселе де көп.

Джафар Юнусов, шаруа:

- Мынау мал суару үшін қазылған ұңғыманың төлқұжаты. Былтыр жазда дайындап тиісті жерге ұсындым. Мемлекеттік бағдарлама бойынша ұңғыманы қазуға кеткен қаржының 80 пайызын маған мемлекет қайтаруы тиіс еді. Алайда, соны әлі ала алмай отырмын.

Екінші мәселе - қыстауда электр жарығы да жоқ. Жүз қадам жердегі бағаннан желіні өз бетінше тартуға шаруаның қалтасы көтермейді. Ал, мемлекет тек күн батареясын орнатса ғана қаржылай көмек бере алады. Мұндай ережені қандай қисынға сүйеніп, кімнің бекіткені түсініксіз. «Қазылған ұңғыманың субсидиясы уақытында төленбеуі де осындай ережелердің жиі өзгеруінен», -  дейді мамандар.

Бәйтемір Исмайлов, Әулиекөл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Ақша жетпей қалды. Жетпегесін биыл соны шешуге тырысып жатырмыз.

Сондай-ақ, шаруалар 4 пайызбен берілген несиені банктерге 14 пайызбен төлеуге мәжбүр. Оның 10 пайызын өтейтін мемлекеттің көмегі араға 3-4 ай салып кешігіп жетеді. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан әулиекөлдік шаруа ісінің оңға басарына сенімді.

Джафар Юнусов, шаруа:

- Мен жұмыс істей беремін. Көктемде ұсақ мал 900-ге жетуі тиіс. Ал, 2 жыл ішінде бәрі ойдағыдай болса, 1200 басқа дейін көбейеді деп ойлаймын.

Жалпы, облыс бойынша былтыр асылтұқымды 3 мыңға жуық ірі қара, 4 мыңнан астам ұсақ мал сатып алынған. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу