«Невада-Семей» антиядролық қозғалысына – 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысына – 30 жыл

04.03.2019

Семей жеріндегі атом аждаһасының үнін өшіруге өлшеусіз үлес қосқан «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына - 30 жыл. 1989 жылы 28 ақпанда ұйымды құру туралы идеяны ақын Олжас Сүлейменов көтерген еді. Бастаманы барша ел қызу қолдап, ақыр соңында қазақ даласын дүр сілкіндірген дүмпулер тоқтап, полигон жабылды. Нәтижесінде Қазақстан бүкіл әлемде алғаш болып жойқын қарудан бас тартқан мемлекет ретінде тарихта қалды.

Сұлтан Картоев - «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының ардагері. Қазір осы ұйымның вице-президенті. «Невада-Семей» - елімізде алғаш болып тіркелген үкіметтік емес ұйым. Ардагердің айтуынша, қозғалыс құрылған жылдың өзінде Қазақстанның әр түкпірінен 2 млн-нан астам адам оған мүше болып тіркеліп, сынақтарды дереу тоқтатуды қолдап, қол жинаған.

Сұлтан Картоев, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице-президенті:

- Қозғалыстың филиалдары әлемнің әр елінде құрылып, әлі күнге жұмыс істеп тұр. Ресей Федерациясында, Италияда, Израильде. Еуропаның көптеген елдерінде бар. Менен қазір көп сұрайды. Қозғалыс Елбасының қолдауымен полигонды жапты. Біздің ендігі мақсатымыз - ядросыз әлем құру. Біздің қозғалыс Қазақстанның жолын бүкіл әлемге паш етуді көздейді.

Қазір қозғалыстың құрылғанына 30 жыл толуына орай жер-жерде түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Семейде ауқымды көрме ұйымдастырылып, ұйымның тарихына қатысты құнды құжаттар мен деректер көпшілік назарына ұсынылған.

Қайрат Сабырбай ақын:

- Аға-апайларымыздың осы «Невада-Семейдің» басында бозторғайдай шырылдап жүгірген үндері, бәрі осы көрмеде қамтылады. Негізгі мақсаты - біздің патриот азаматтардың еңбегін, солардың тарихқа айналған ізін бүгінгі күнге жеткізу.

 «Невада-Семей» - Қазақстанның әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысы еткен ұйым. «Алайда, оның жұмысы бүкіл жер шарында атом қаруы жойылғанша тоқтамауы тиіс»,-дейді белсенділер. Антиядролық қозғалыс бүгінде Семей сынақ полигоны болған өңір халқын оңалту бойынша жұмыстарды жүргізіп келеді. Биылдан бастап ұйым өз қатарына жастарды жимақ. Сөйтіп, кезінде қазақ даласында атом үнін тұншықтырған «Невада-Семей» бүкіл әлемге бейбіт өмір орнату үшін, өз ісін жалғастырса деген мақсатты ұстанбақ.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу